Мүфтияттағы былық: Наурызбай қажы Саудияға неге шұғыл ұшып кетті?

Мүфтияттағы былық: Наурызбай қажы Саудияға неге шұғыл ұшып кетті?
Бас мүфти Наурызбай Өтпеновке қатысты тағы бір жағымсыз ақпарат тарады деп жазады Democrat.kz.
 
Қазақтар қажылық визаны өзбектерге сатады екен деп жазды журналист Ораз Әлімбеков. 
 
"Сауд Арабиясы бөлетін қажылық квотаны қазақстандық турфирмаларға үлестіруді монополиялап алған ҚМДБ бір апта бұрын 2026 жылға 3750 квота алғанын мәлімдеген.
 
Сол квотаны қажылық сапар ұйымдастыруға қақы бар 14 турфирмаға бөлді. Ең көп квотаны мүфтият өзінің «Тауаф Травел» компаниясына (400) және Кеңес Ракишевтің «Hickmet travel» компаниясына (400) берген.
 
Солай болса да басқа 12 турфирманың өкілдері мен ҚМДБ-ның қажылық бөлімінің мамандары әлгі квотаны місе тұтты. Себебі, қажылық жасауға ниетті қазақстандықтар көп емес, берілген квотаны толтыруы қиын.
 
Дегенмен, «Hickmet travel» Бас мүфтиге астыртын өтініш айтып, тағы да кемі 700 квота тауып беруін сұраған. Сондықтан Бас мүфти Наурызбай Өтпенов шұғыл Саудияға ұшты.
 
Сол жерден «4 мың квота алдық» деп сүйіншіледі. Мүфтият маңындағы құпия дереккөз Бас мүфтидің Саудиядан тағы да 250 ғана квота алғанына сенбейді. «Ол «Hickmet travel» сұраған кемі 700 квотаны алды-ау» деп күдіктенеді.
 
Турфирмалар алған квотасына адам толтыра алмаса, онда неге мүфтият Саудиядан көп квота сұрайды? Бұл сұраққа құпия дереккөз былайша жауап берді. Былтыр мүфтият белгілеген турфирма 17 болған.
 
Тамыры Түркиямен байласып жатқан «сүлейменшілердің» «Қызмет Саяхат» фирмасын Бас мүфти жеке бас араздығына байланысты тізімнен шығарып тастады. «Iman travel» мен «Ордабасы» компаниясы қазақстандықтар үшін алған визаларын электронды базадан өзгертіп Өзбекстан азаматтарына сатып жібергені үшін кінәлі болып, биыл қажылық жасайтын фирмалар тізімінен шығарылған.
 
«Алаяқтық схема былай: айталық, бұрын «Қажық» деген қазақ қажылыққа барып келген. Ол енді қажылыққа бармайды. Қазақстандық фирма алған квотасының аясында әлгі «Қажықтың» базада сақталып қалған құжаты негізінде «Қажыққа» виза рәсімдейді.
 
Өзбекстанның халқы көп, сәйкесінше қажылыққа баратындар Саудиядан Өзбекстан алған квотаға сыймай қалады. Мысалы, солардың бірі «Нураддин» деген өзбек қазақстандық фирмаға келеді.
 
Фирма қажылықтың электронды базасында өзгеріс жасап, «Қажыққа» берілген визаны «Нураддинге» рәсімдейді. Сол үшін «Нуриддин» секілді өзбектерден 3-5 мың доллар аралығында ақша алады.
 
Ал «Нураддин» сол визамен өз бетінше немесе Өзбекстанның немесе Қырғызстанның қажылар тобына қосылып қажылыққа барып келеді. Мұндай заңсыз іспен, өзбектерге виза жасап берумен «Hickmet travel» мен «Nurhan travel» компаниясы да шұғылданды, бірақ оларға Бас мүфтидің күрек тісі батпайды» деді дереккөз.
 
Мүфтият «қажылықты ұйымдастырғаны үшін әрбір қажыдан 100$ жарна алады. Мысалы, 200 адам апарған фирма мүфтиятқа 20 мың доллар береді.
 
Қатардағы турфирмалар қажылық пакетін қазақстандықтарға 7-8 мың доллар аралағында сатады. «Hickmet travel» «Air Astana» әуе компаниясымен жақсы келісімшарт жасап алған.
 
Ол қажылық пакеттерін «VIP», «Премиум» деп атап, ондаған мың долларға сатады. «Hickmet travelмен» көбіне бай адамдар қажылыққа барады. Бұл фирмадан мүфтият басшылары бәріне ортақ 100$ жарнадан басқа да хадия алатын сияқты.
 
Бас мүфти Наурызбай Өтпенов «Hickmet travelдің» заңсыз ісіне көз жұма қарап, оны қажылық жасауға қақы бар фирмалар тізімінде қалдырды және «бізге тағы 700 квота керек» деген өтінішін орындау үшін Саудияға шапанын желбіретіп шауып кетті-ау» деді дереккөз" деп жазады Ораз Әлімбеков. 
Барлық жаңалықтар