Мектеп оқушысының беттегі безеуін жасыру үшін тональды крем жаққаны үшін мұғалімнің оны дәретханаға апарып, бетін жуғызғаны туралы жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Қыздың айтуынша, ол мұғалімге бетінде қатты акне барын, соған байланысты ұялып, буллинг көретінін түсіндірген. Соған қарамастан мұғалім оның сөзін қабылдамай, косметиканы жууды талап еткен. Бұл жағдай мектептегі тәртіп пен баланың жеке шекарасы қай жерден бөлінетіні жөніндегі мәселені қайта көтерді, деп жазады Democrat.kz.
Оқушы өз жазбасында кірпік жапсырмайтынын, қасын боямайтынын, тек бетіндегі акнені сәл жасыру үшін тональды крем қолданатынын айтады.
Оның сөзінше, мұғалімге жағдайын түсіндірмек болған.
«Апай, менің бетімде қатты акне бар, кетпейді. Мен одан ұяламын, буллинг көремін», – дегенін жазады оқушы.
Алайда қыздың айтуынша, мұғалім оған «өтірік айтасың», «өз заңыңды шығаратын кімсің?» деген мазмұнда жауап беріп, дәретханаға апарып, бетін жуғызған.
Оқушы косметиканы жумаса, тәрбие ісіне жауапты қызметкерге апарып, анасына айыппұл салынатыны айтылғанын да мәлімдеген.
Бұл – әзірге бір тараптың әлеуметтік желіде жариялаған мәлімдемесі. Мектеп әкімшілігінің немесе мұғалімнің осы жағдайға қатысты түсініктемесі жарияланғаны жөнінде ақпарат жоқ.
«Бұл мұғалім тарапынан буллинг емес пе?»
Жазбаға пікір білдіргендердің бір бөлігі мұғалім әрекетін тым қатал деп бағалаған.
«Бұл балалардың емес, мұғалімнің тарапынан жасалған буллинг қой», «оқушының бетін күштеп жуғызуға қандай құқық бар?», «безеуі бар баланың жағдайын түсінудің орнына неге одан сайын қысым жасайды?» деген пікірлер айтылған.
Тағы бір қолданушы мәселенің косметикада емес, баланың бет терісіндегі проблемаға байланысты психологиялық жай-күйінде екенін атап өткен.
Ал басқа пікір иелері мектептің ішкі тәртібі бар екенін айтып, оқушыға боянуға тыйым салынған болса, сол талап орындалуы керек деген көзқарас білдірген.
Осы екі пікірдің арасында маңызды құқықтық сұрақ жатыр: мектеп косметикаға шектеу қойса да, педагог оқушыны күшпен дәретханаға апарып, бетін жуғыза ала ма?
Қазақстанда «оқушыға тоналды крем жағуға болмайды» деген жалпыұлттық заң бар ма?
Оқу-ағарту министрлігінің міндетті мектеп формасына қойылатын қолданыстағы талаптарында киімнің үлгісі, түсі, күнделікті, мерекелік және спорттық формасы, аксессуарлар секілді мәселелер реттелген. Бірақ құжатта оқушының бетіне тональды крем немесе косметика жағуына қатысты жеке жалпыұлттық тыйым көрсетілмеген.
Сонымен бірге әр мектеп өзінің ішкі тәртіп қағидаларын бекіте алады. Бұл құжат білім беру процесіне қатысушылардың тәртібі мен мектептегі қарым-қатынас мәселелерін реттейді және оқушылар оны сақтауға міндетті. Бірақ ішкі ереже Қазақстан заңнамасына қайшы келмеуге тиіс.
Яғни нақты мектепте косметикаға қатысты шектеу болуы ықтимал. Бірақ ондай талаптың болуы педагогке оны кез келген тәсілмен орындатуға құқық бермейді.
Мұғалімнің «дәретханаға сүйреп апарып, бет жуғызуына» заң не дейді?
Егер оқушы сипаттаған жағдай дәлелденсе, мәселенің құқықтық тұрғыдағы ең маңызды бөлігі – тональды крем емес, педагогтің оқушымен қарым-қатынас тәсілі.
«Педагог мәртебесі туралы» заң педагогке білім алушының ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу міндетін жүктейді.
Ал Педагогикалық әдеп қағидаларында бұдан да нақты талап бар: педагог баланың абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуі тиіс және білім беру процесіне қатысушыларға қатысты күш көрсетуге, моральдық немесе психологиялық қысым жасауға мүлде жол берілмейді.
Педагогикалық әдеп талаптарын бұзу тәртіптік теріс қылық ретінде қаралып, мұғалімнің тәртіптік жауапкершілігіне негіз болуы мүмкін. Мұны білім сапасын қамтамасыз ету органдарының ресми түсіндірмелері де көрсетеді.
Сондықтан мектептің «боянуға болмайды» деген ішкі ережесі болған күннің өзінде, оқушыны қолынан тартып немесе мәжбүрлеп дәретханаға апару, оның еркіне қарсы бетін жуғызу педагогикалық тәртіпті қамтамасыз етудің қалыпты құралы ретінде заңда көзделмеген.
Баланың жеке басына тиіспеуге құқығы бар
«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңның 10-бабында әр баланың жеке басының бостандығына, қадір-қасиетіне және жеке өміріне қол сұғылмауға құқығы бар деп жазылған.
Мемлекет баланы физикалық және психикалық күш көрсетуден, дөрекі қарым-қатынастан, қорлаудан және буллингтен қорғауға тиіс.
Заңда баланы тәрбиелеу тәсілдерінің өзі оның адамдық қадір-қасиетін кемсітетін, дөрекі немесе қорлайтын сипатта болмауы керектігі де көрсетілген.
Осы тұрғыдан алғанда, оқушыны көпшіліктің алдында ұялту, оның тері проблемасына қатысты түсініктемесін елемеу немесе физикалық мәжбүрлеу болған-болмағаны бұл жағдайға құқықтық баға бергенде маңызды мән-жайға айналады.
«Анаңа айыппұл саламыз» деген сөздің негізі қандай?
Оқушының айтуынша, косметиканы жумаса, анасына айыппұл салынатыны айтылған.
Алайда мектеп қызметкерінің өзі ата-анаға әкімшілік айыппұл сала алмайды. Айыппұл тек заңда көзделген құқық бұзушылық болған жағдайда және оған уәкілетті мемлекеттік органның тиісті рәсімі арқылы қолданылады.
Ал оқушының бетіне тональды крем жағуы үшін ата-анасына автоматты түрде айыппұл қарастыратын арнайы норма мектеп формасына қойылатын жалпыұлттық талаптарда көрсетілмеген.
Сондықтан нақты жағдайда мұндай ескертудің қандай құқықтық негізге сүйеніп айтылғаны бөлек анықтауды қажет етеді.
Безеуін жасырған бала мен «тәртіп бұзған» оқушының арасы қай жерде?
Жазбадағы тағы бір маңызды жайт – оқушы косметиканы сән үшін емес, бетіндегі айқын безеуді жасыру үшін қолданғанын айтады.
Пікірлерде де бұл мәселеге назар аударылған. Бір қолданушы «қалың түнгі клуб макияжы мен безеуді жасыру үшін жағылған тональды кремді бір нәрсе деп қарауға болмайды» десе, енді бірі мұғалім мұндай жағдайда алдымен баламен сөйлесуі керек еді деген пікір білдірген.
Ал кей қолданушылар, керісінше, «заң бәріне бірдей» және мектептің тәртібі орындалуға тиіс деп жазған.
Осылайша желідегі дау макияждан әлдеқайда үлкен мәселеге айналды.
Мектеп тәртібі қай жерге дейін жүреді? Ал баланың денесі, сыртқы келбеті мен жеке шекарасы қай жерден басталады?
Егер оқушының айтқаны расталса, бұл сұраққа баға бергенде косметика туралы ішкі ережеден бөлек, баланың қадір-қасиеті, педагогикалық әдеп және физикалық немесе психологиялық қысымға жол бермеу талаптары да қатар қаралуға тиіс.