Қазақстанда азаматтарға 250 және 270 нысанындағы салық декларацияларын толтыру жеңілдетілмек. Жаңа жүйеде азаматтың мүлкі туралы белгілі деректер құжатқа автоматты түрде енгізіліп, салық төлеушіге оларды тексеріп, қажет болса түзету ғана қалады, деп жазады Democrat.kz.
Мемлекеттік кірістер комитеті декларацияларды автоматты түрде алдын ала толтыру функциясын енгізуге дайындалып жатыр.
Жаңашылдық активтер мен міндеттемелер туралы 250.00 нысанына және кірістер мен мүлік туралы 270.00 нысанына қатысты.
Алғашқы кезеңде жүйе есепті кезеңде сатып алынған немесе сатылған мүлік туралы мемлекет базаларында бар мәліметтерді декларацияға автоматты енгізеді.
Азамат дайын ақпаратты қарап, оның дұрыстығын тексереді. Егер мәліметте қате немесе жетіспейтін ақпарат болса, оны өзі түзете алады.
Мақсат — салық төлеушілердің декларацияны нөлден бастап қолмен толтыруын азайтып, қате жіберу ықтималдығын төмендету.
Функция Салық төлеушінің кабинетінде іске қосылмақ.