Әлеуметтік желі қолданушысы, білікті ұстаз Гүлжазира Бекболатқызы Назарбаев зияткерлік мектептеріне қатысты ықтимал өзгерістерге алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке үндеу жасады, деп жазады Democrat.kz.
Автордың пікірінше, халықаралық олимпиадаларда Қазақстан атынан жүлде алып жүрген оқушылардың елеулі бөлігі – НИШ тәрбиеленушілері. Ол бұл мектептерде қарапайым отбасылардан шыққан, ауыл мен қаланың дарынды балалары білім алып жүргенін атап өтті.
«Басқа мектептердегі білім деңгейін НИШ деңгейіне дейін көтерудің орнына, НИШ-тің өзін төменге сүйретіп, “бәрі бірдей орташа болсын” деген реформа ма бұл?» – деп жазды Гүлжазира Ысқақова.
Жазба авторы НИШ түлектерінің әлемнің көптеген жетекші университеттеріне түсетінін, сондай-ақ халықаралық олимпиадалар мен PISA секілді білім сайыстарында елдің көрсеткішіне үлес қосып жүргенін алға тартты.
Ол НИШ-ке түсе алмағандардың сынына да жауап беріп, бұл мектептердегі іріктеу ашық конкурс арқылы жүргізілетінін еске салды.
Гүлжазира Бекболатқызы НИШ-тің атауын өзгерту немесе жүйесін қайта құру оның білім сапасын автоматты түрде арттырмайтынын айтып, мектептердің қалыптасқан моделін сақтауға шақырды.
«Бұл – еліміздің санаулы нақты жетістігінің бірі. Үкімет, тарт қолыңды НИШ-тен!» – деп түйіндеді автор.
