Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тартыс спорт алаңынан әлеуметтік желіге ауысты. Қазақстанның көк туын аяқпен басқан кадрлар, қазақтарды келемеждейтін суреттер мен Кенесары ханға қатысты арандатушы жазбалар тарады. Режиссер Нұрболхан Шарапов бұл жағдайға назар аударып, құқық қорғау органдарынан әрекет етуді сұрады. Қырғызстан ІІМ әлеуметтік желіде тараған материалдар бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.
Дауға VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының соңғы күндеріндегі Қазақстан–Қырғызстан бәсекесі түрткі болған.
6 қыркүйекте Чолпон-Атада өткен көк бөрі финалында Қырғызстан құрамасы Қазақстанды 12:0 есебімен жеңді. Сол күні көкпар финалында да қырғыз командасы 7:2 есебімен басым түсті.
Алайда ойындардағы Қазақстан құрамасының жалпы нәтижесі бұдан бөлек болды. Қазақстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.
Спорттық бәсеке аяқталғаннан кейін әлеуметтік желіде екі ел азаматтары арасындағы сөзталас күшейген.
Көк туға аяқ басқан сурет тарады
Threads желісінде Қазақстанның мемлекеттік туы жерге жайылып, оның үстінде аяқ киіммен тұрған адамның суреті жарияланған.
Тағы бір жарияланымда Қырғызстанның 12:0 есебімен жеңісі мысқыл аралас фотомонтаж арқылы беріліп, қырғыз спортшысы жерде жатқан қазақстандықтардың үстінен тұрғандай бейнеленген.
Бұдан бөлек, Кенесары ханға қатысты тарихи тақырыпты қозғап, қазақтарға бағытталған балағат және кемсітуші сөздер жарияланғанын Нұрболхан Шарапов та жазды.
Ол Қазақстан ІІМ-не қарата:
«Көк туымызды аяққа таптап фотоларын салып, ұлтаралық қақтығыс тудырып жатқан әрекеттерді бақылауға алсаңыздар», – деп үндеу жасады.
Шарапов сондай-ақ Көшпенділер ойындары кезінде Қазақстан туына қатысты тағы бір видеоны көтерді. Оның жазуынша, онда қазақстандық жанкүйерлерге көк тумен күш қолданылған.
Бұл эпизодтардың нақты кім тарапынан, қай жерде жасалғаны және бейнежазбалардың толық мән-жайы жөнінде әзірге құқық қорғау органдарының қорытындысы жарияланған жоқ.
«Туға құрметсіздікке шыдамаймын»
Нұрболхан Шарапов кейін мәселені тағы көтеріп, өзінің атына айтылған сөздерге мән бермейтінін, бірақ мемлекеттік туға көрсетілген құрметсіздікке бейжай қарай алмайтынын жазды.
Сонымен бірге ол әлеуметтік желідегі дауды өзі бастамағанын, өзге жарияланымдарға жауап беріп отырғанын мәлімдеген.
Шараповтың жазбасының астында жүздеген пікір қалдырылды.
Бірқатар қолданушы Қырғызстанның құзырлы органдарын белгілеп, мемлекеттік рәмізге қатысты жарияланымдарға құқықтық баға берілуін талап етті.
Қырғызстан ІІМ тексеруді бастады
9 қыркүйекте Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде кең тараған материалдарға ресми түрде назар аударғаны белгілі болды.
Ведомствоның мәліметінше, тиісті қызметтер жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, қорытындысы бойынша құқықтық баға берілмек.
Қырғызстан ІІМ тексеру біткенше расталмаған ақпарат пен түрлі болжамдарды таратпауға шақырған.
Демек әлеуметтік желіде тараған сурет пен видеолардың авторлары, олардың қай жерде түсірілгені және нақты қандай әрекеттер болғаны ресми тексеруден кейін ғана анықталмақ.
Мұндай жағдай екі жыл бұрын да болған
Қазақстан туына қатысты жанжал Көшпенділер ойындары кезінде алғаш рет болып отырған жоқ.
2024 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы Қазақстан–Қырғызстан көкпар финалынан кейін де әлеуметтік желіде арандатушы видео тараған.
Онда Қырғызстан азаматы Қазақстан туын жүк көлігінен демонстративті түрде лақтырып жіберген.
Сол кезде Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті видео авторын анықтап, мұндай әрекеттерді қазақ және қырғыз халықтары арасында ұлтаралық араздық тудыруға бағытталған әрекет ретінде бағалаған. 21 жастағы азаматпен профилактикалық әңгіме жүргізілген.
12:0 әлеуметтік желідегі текетіреске айналды
Биылғы даудың басталу нүктесі – көк бөрідегі ірі есеп.
Қырғызстан 6 қыркүйекте Қазақстанды 12:0 есебімен жеңіп, Көшпенділер ойындарында осы спорт түрінен алтын алды.
Ойын аяқталған соң бұл есеп әлеуметтік желіде мемдерге, фотомонтаждарға және екі ел азаматтарының бір-біріне бағыттаған өткір жазбаларына айналған.
Алайда осы пікірталас кезінде Қазақстанның мемлекеттік туын аяққа басқан кадрлардың жариялануы, ұлттық тарихтағы Кенесары хан тұлғасын келемеждеу және қазақтарға бағытталған балағат сөздер спорттық қарсыластықтың шекарасынан шығып кетті деген пікірлер көбейді.
Қазір әлеуметтік желіде тараған материалдардың бір бөлігіне Қырғызстан ІІМ тексеру жүргізіп жатыр.
Ал Нұрболхан Шарапов көтерген негізгі мәселе де 12:0 есебінің өзі емес, спорттық жеңістің мемлекеттік рәмізді қорлауға және екі халық арасындағы арандатушы контентке ұласуы болып отыр.
