Қазақстан мектептерінде мұғалімнің негізгі міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартылуы әлі де кездеседі. Кабинетті жөндеу, терезе жуу, сенбілікке міндеттеу, қар күрету, қағаз есепті қайта-қайта толтырту немесе кеңсе заттарын өз ақшасына сатып алдыру кейде «мектептің ортақ жұмысы» деген желеумен қалыпты құбылыс ретінде ұсынылады. Алайда мұғалім мектеп әкімшілігінің кез келген тапсырмасын үнсіз орындауға міндетті емес. Әлеуметтік желіде тараған түсіндірме жазбаларда педагогтердің қандай талаптардан заңды түрде бас тарта алатыны көрсетілген. Democrat.kz ондағы мәліметтерді қолданыстағы заң нормаларымен салыстырып көрді.
Кабинет жөндеу мұғалімнің міндеті ме?
Мұғалімді кабинетті жөндеуге, қабырғаны сырлауға, терезе жууға, аула тазалауға, қар күреуге немесе басқа да шаруашылық жұмыстарын орындауға мәжбүрлеуге болмайды. Сондай-ақ педагогті үй-үйді аралап санақ жүргізуге, пәтер жағалауға немесе кәсіби қызметіне қатысы жоқ науқандарға тарту заң талаптарына қайшы болуы мүмкін.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның 6-бабында педагогті кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейтіні тікелей жазылған. Жұмыс беруші педагогке кәсіби қызметін атқаруға қажетті жағдай жасауға міндетті.
Демек, мұғалім ерікті түрде сенбілікке қатыса алады. Бірақ ерікті шараны міндетті жұмысқа айналдыруға, бас тартқан педагогке қысым көрсетуге немесе оны жазалауға болмайды.
Мұндай жағдайда мұғалім:
«Бұл жұмыс менің еңбек шартымда және лауазымдық нұсқаулығымда қарастырылмаған. Мен оқу процесіне қатысты міндеттерімді орындауға дайынмын, алайда шаруашылық жұмысына тартуға келіспеймін», – деп жазбаша жауап бере алады.
Қағазбасты есептің де шегі бар
Көптеген мектепте мұғалімдер электронды журналға енгізілген мәліметті қағаз кестеге қайта көшіруге, әр әрекеті үшін фотоесеп жіберуге немесе түрлі сауалнама бойынша статистика жинауға мәжбүр болатынын айтады.
Мәселен:
-
Kundelik.kz жүйесіне баға қойып, оны қағаз журналға немесе бөлек кестеге қайта енгізу;
-
ата-аналардың сауалнамаға қатысқаны туралы мәлімет жинау;
-
өткізілген әрбір шара, сынып сағаты немесе жиналыс үшін чатқа фотоесеп жіберу;
-
заңнамада көзделмеген анықтамалар мен қосымша есептер тапсыру.
«Педагог мәртебесі туралы» заң педагогтен білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген есептілікті немесе ақпаратты талап етуге тыйым салады.
Дегенмен кез келген есепті бірден «заңсыз» деу дұрыс емес. Егер құжат министрлік бекіткен міндетті тізімге, ресми бұйрыққа немесе педагогтің лауазымдық міндетіне кірсе, оны орындау талап етілуі мүмкін. Сондықтан мұғалім әкімшіліктен:
«Бұл есеп қай нормативтік актінің немесе бұйрықтың негізінде талап етіліп отыр?»
— деп жазбаша түсіндіру сұрауға құқылы.
Ауызша берілген тапсырма оның автоматты түрде заңды екенін білдірмейді.
Мұғалімді өз ақшасына зат алуға мәжбүрлей алмайды
Газет-журналға міндетті түрде жазылу, кабинетке перде, маркер, қағаз, бояу немесе басқа да зат сатып алу талабы да заңға қайшы.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның 6-бабы 2-тармағының 4-тармақшасында педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу міндетін жүктеуге жол берілмейтіні анық көрсетілген.
Бұл норма:
-
газет-журналға күштеп жаздыруға;
-
кабинетке А4 қағазын, маркер немесе перде алдыруға;
-
жөндеу жұмысына ақша жинауға;
-
курс, кітапша немесе қызмет сатып алуға міндеттеуге қатысты қолданылуы мүмкін.
Мұғалім өз қалауымен қажетті зат сатып алса — бұл оның жеке шешімі. Ал оны әкімшілік тапсырмасына, ұжымдық қысымға немесе жұмысын сақтап қалу шартына айналдыруға болмайды.
Мұғалім өз құқығын қалай қорғай алады?
Алдымен тапсырманың жазбаша берілуін және оның құқықтық негізін сұраған жөн. Мектеп чатындағы хабарламаларды, аудиожазбаларды, бұйрықтарды, ақша жинау туралы өтініштерді және басқа да дәлелдерді сақтау қажет.
Мәселе мектеп ішінде шешілмесе, педагог eOtinish жүйесі арқылы өңірдегі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне шағым түсіре алады. Мұндай департаменттер азаматтардың өтініші негізінде тексеру жүргізіп, педагог құқықтарының сақталуына құқықтық баға береді.
Егер дау еңбек шартына, жұмыс уақытына, жалақыға немесе заңсыз тәртіптік жазаға қатысты болса, еңбек инспекциясына, кәсіподаққа немесе сотқа жүгінуге болады.
Бірақ сотқа бармас бұрын мұғалімнің қолында нақты дәлел болғаны маңызды. «Директор ауызша айтты» деген сөзден гөрі жазбаша тапсырма, чаттағы хабарлама немесе ресми бұйрық әлдеқайда салмақты.
Мұғалімнің міндеті — балаға сапалы білім беру. Ал мектепті жөндеу, есеп үшін есеп жазу немесе кабинетті өз қалтасынан жабдықтау оның кәсіби борышына жатпайды. Заң педагогті қорғайды, бірақ ол құқық қағаз жүзінде қалмауы үшін мұғалімнің өзі де заңды біліп, талаптың құқықтық негізін сұрай алуы керек.