"Мұғалім оқушыларға сыйлық дайындасын": Ұстазға арналған нұсқаулық қызу талқыға түсті

"Мұғалім оқушыларға сыйлық дайындасын": Ұстазға арналған нұсқаулық қызу талқыға түсті

Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік желіде мұғалімдердің 1 қыркүйекке дейін атқаруы тиіс жұмыстары туралы жарияланым қызу талқыланып жатыр. Онда сыныпты дайындаудан бастап балаларға сыйлық әзірлеуге дейінгі бірқатар міндет көрсетілген. Алайда пікір қалдырған мұғалімдер мұндай ұсыныстардың кейбірін артық жүк деп қабылдаған, деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіде жаңа оқу жылы қарсаңындағы мұғалімнің дайындығына арналған жазба тарады. Жарияланым Instagram желісіндегі qazaq.education және bastaushy_pro парақшаларында жарияланған.

Постта «1 қыркүйекке дейін мұғалім жасауы тиіс әрекеттер» деген мазмұнда бірнеше кеңес берілген.

Алдымен педагогтерге:

  • сынып оқушыларының тізімін дайындау;

  • кабинетті тексеру;

  • тақтаны ретке келтіру;

  • сабақ кестесін басып шығару;

  • сынып бұрышын әзірлеу ұсынылған.

Бұдан бөлек сыныпты ұйымдастыру үшін оқушылардың аты-жөні жазылған карточкалар, сигналдық карточкалар, сынып ережелері, көңіл күй экраны мен құжаттар папкасын алдын ала әзірлеу керектігі айтылған.

Мұғалімге тағы не дайындау ұсынылған?

Жарияланым мұнымен шектелмейді.

Мұғалімнің уақытын үнемдейтін материалдар ретінде кітапқа арналған бетбелгілер, мадақтамалар мен жапсырмалар, рефлексия шаблондары, жұмыс карточкалары және алғашқы сабақтарға арналған материалдар көрсетілген.

Ал келесі бөлім жұрттың ерекше назарын аударған.

Онда мұғалімге:

фотозона ойластыру,
балаларға сыйлықтар дайындау,
жұмыс орнын тексеру,
алғашқы аптаға жоспар құру,
ұйқысын қандыру

ұсынылған.

Дәл осы «балаларға сыйлықтар дайындау» деген тармақ әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды.

«Балаларға сыйлықты мұғалім неге беруі керек?»

Пікір қалдырғандардың бірі:

«Балаларға сыйлығы несі? Айлықты сыйлыққа жібереміз. Оқушылар сыйлық аламыз деп оқи ма сонда? Одан білім болды ма?» – деп жазған.

Тағы бір қолданушы:

«Сыйлық не керек???» – деп сұраған.

Пікірлердің арасынан мұғалімдердің шығынына алаңдаған жазбалар да көрінеді.

«Мұғалімдерге сыйлық беруді қою керек», – деген пікір иесі мереке сайын шай, тәтті, түрлі сыйлық ұйымдастыру тәжірибесін шектеу қажеттігін айтқан.

Тағы бір қолданушы жарияланымдағы ұсыныстарға мысқылмен:

«Сіз үшін тағы не істей аламыз?» – деп пікір қалдырған.

Ал орыс тілінде пікір жазған желі қолданушысы:

«Ужас қой, бейшара мұғалімдер», – деп мұғалімдерге түсетін жүктемеге назар аударған.

«Бұның бәрін жасауға ақшаны қайдан алады?»

Жазбадағы талаптар тек сыйлық мәселесімен шектелмей, материалдық шығын тақырыбын да қайта көтерді.

Пікір білдірушілердің бірі:

«Бұның бәрін жасауға ақшаны қайдан алады?» – деп сұраған.

Шынында да, фотозона, түрлі карточка, көрнекілік, мадақтама, жапсырма және сыйлық секілді дүниелердің бәрі белгілі бір қаражатты қажет етеді.

Егер мұндай жұмыс мектеп тарапынан қаржыландырылмаса, шығынның мұғалімнің жеке қалтасына түсу қаупі бар.

Ал бұл – педагогтер жыл сайын айтып жүрген мәселелердің бірі.

«Әлі ӘНХ жоқ, ҮОЖ жоқ»

Пікір арасында мұғалімдердің жаңа оқу жылына қажетті ресми құжаттар мәселесі де көтерілген.

Бір қолданушы:

«Әлі ӘНХ жоқ, ҮОЖ жоқ», – деп жазған.

Яғни педагогтерге сыныпты безендіріп, карточка мен сыйлық дайындауды ұсынған кезде мұғалім үшін ең маңызды ресми оқу-әдістемелік құжаттардың уақтылы берілуі де маңызды деген ой айтылып отыр.

Бұл пікір жаңа оқу жылына дайындықтың сыртқы көріністен емес, ең алдымен оқу процесін дұрыс ұйымдастырудан басталуы керек деген көзқарасты аңғартады.

«Мыналардан кейін ұйқы қайдан қанады?»

Жарияланымдағы соңғы кеңестің бірі – «ұйқыңызды қандыруды ұмытпаңыз» деген ұсыныс.

Алайда ол да желі қолданушыларының әзіл-шыны аралас реакциясын тудырды.

Пікір иелерінің бірі:

«Мыналардан кейін ұйқы қайдан қанады? Қайта қашады», – деп жазған.

Шынында да, мұғалім бір мезетте оқушы тізімін жасап, кабинетін реттеп, сабақ кестесін дайындап, сынып бұрышын безендіріп, карточкалар әзірлеп, фотозона ұйымдастырып, сыйлық сатып алып, алғашқы сабақтарға жоспар құруы керек болса, «ұйқыны қандыру» кеңесі өзінен-өзі иронияға айналып кеткендей.

Мұндай тізім міндетті ме?

Бұл жерде маңызды бір нәрсені ажыратқан жөн.

Әлеуметтік желідегі бұл жарияланым – ресми нормативтік құжат емес.

Яғни постта көрсетілген фотозона жасау, балаға сыйлық беру немесе белгілі бір карточкаларды дайындау – барлық мұғалім міндетті түрде орындауға тиіс заңдық талап ретінде қабылданбауы керек.

Жарияланым мұғалімдерге арналған ұсыныс, идея немесе дайындық чек-парағы сипатында берілген.

Алайда жұрттың реакциясы басқа мәселені көрсетіп отыр.

Педагогтер үшін ең ауыр нәрсе кейде бір үлкен міндет емес, осындай ұсақ көрінетін ондаған жұмыстың бірінің үстіне бірі жиналуы.

Мұғалім сабақ беруі керек пе, әлде мереке ұйымдастыруы керек пе?

Жаңа оқу жылы басталған сайын мұғалімге кабинет безендіру, стенд жасау, фотозона құру, түрлі іс-шара ұйымдастыру сияқты жұмыстардың жүктелуі қоғамда жиі талқыланады.

Әрине, бірінші қыркүйекте бала мектепке қуанып келуі үшін жылы атмосфера қалыптастырудың маңызы бар.

Бірақ оның бәрін мұғалім өз ақшасына жасап, әр оқушыға сыйлық алып беруге міндетті деген түсінік қалыптасса, мәселе туындайды.

Мұғалімнің негізгі міндеті – сапалы сабақ беру, оқушының білім алуына жағдай жасау.

Ал мерекелік декорация, фотозона немесе сыйлық білім сапасының көрсеткіші болмауы тиіс.

Әлеуметтік желідегі осы бір қарапайым жазбаның мұншалықты көп пікір туғызуы да тегін емес.

Ол мұғалімдер арасында бұрыннан қордаланып келе жатқан бір сұрақты қайта шығарды:

жаңа оқу жылына мұғалім дайындалуы керек пе, әлде бүкіл мектептің мерекесін өз мойнына алуы керек пе?

Барлық жаңалықтар