Алматы облысы Қарасай ауданының Шамалған ауылындағы орта мектептердің бірінде 11-сынып оқушысы ескерту жасағаны үшін мұғалімді соққыға жыққан, деп жазады Democrat.kz.
Оқиға бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан мектеп ғимаратында жоғары сынып оқушысының ер адамға шабуыл жасап, басынан бірнеше рет соққы бергені көрінеді.
Анықталғандай, оқиға 2026 жылғы 16 қаңтар күні таңертең «Жаңа қазақ» орта мектебінде болған.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, алдын ала дерек бойынша мұғалім оқушыға ескерту жасап, сабаққа баруын талап еткен.
— Бұл талапты оқушы агрессивті түрде қабылдап, соның салдарынан педагогқа қатысты құқыққа қарсы, оның ішінде бұзақылық әрекеттер жасаған, — деп хабарлады әкімдік баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы қолданыстағы заңнама аясында анықталып, тиісті құқықтық баға беріледі.
— Мектеп әкімшілігі, білім бөлімі және құзырлы органдар тарапынан қажетті профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Педагогтар мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда, — деп қосты әкімдікте.
Өңірлік полиция департаментінде бұл факт бойынша кәмелетке толмағанның ер адамға дене жарақатын келтіруіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны нақтыланды.
— Алдын ала мәлімет бойынша, 16 қаңтар күні сағат 09:00 шамасында Шамалған ауылындағы орта мектептердің бірінде кәмелетке толмаған оқушы мен ер адам арасында жанжал туындап, оның барысында мұғалімге дене жарақаттары келтірілген. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған оқушы полицияға жеткізілді, — деп хабарлады полиция.
Тергеу әрекеттері жалғасуда. Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.