Мұғалімі қинап, оған шыдамаған оқушы терезеден секіріп қашқан

Мұғалімі қинап, оған шыдамаған оқушы терезеден секіріп қашқан
Қоғам белсендісі Ләззат Асанова Түркістан облысы, Жетісай ауданындағы бір мектепте болған сұмдық жағдай туралы жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
 
"№65 мектептегі сұмдық: мұғалім оқушыны қинап, бала терезеден қашуға мәжбүр болды!
 
Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Алмалы ауылындағы №65 «Достық» мектебінде ақылға сыймас жағдай орын алды. Тарих пәнінің мұғалімі Жақсылық Сабденов сабақ үстінде бір сұраққа жауап бере алмаған оқушыны қайта-қайта тұрғызып, қинаған. Қысымға шыдамаған бала терезеден қашып шыққан!
 
Ең сорақысы – мұндай оқиғаға куә болған мектеп әкімшілігінің әрекетсіздігі. Психолог та, сынып жетекшісі де, тәрбие ісінің меңгерушісі де баланың халін сұрап, жағдайына араша түспеген. Мұғалімнің өзі үйге іздеп барғанымен, бұл – жауапкершіліктен құтқара алмайды.
 
Баланың әкесі дабыл қағып, аудандық білім бөлімін уақытша басқарып отырған Адайбековке, бөлім басшысы Ғалымжан Алматовқа, мектеп психологы Мөлдір Зайнуллаевнаға бейнематериал жіберген. Алайда құзырлы тұлғалардан жауап болмапты.
 
Бұл не масқара? Президент жолдауларында айтылатын «баланың қауіпсіздігі – басты құндылық» деген сөздер Жетісайдың шенеуніктеріне жүрмей ме? Мұғалімнің қолымен жасалған қысымға, мектептің бейжайлығына кім жауап береді?
 
Қазіргі таңда қоғамда әділ сұрақ тұр:
– Баланың құқығы тапталып, өміріне қауіп төнсе де, билік үнсіз қала бере ме?
– Мектеп білім ордасы ма, әлде бала психикасын сындыратын орта ма?
 
Бұл – жай ғана бір мектептегі оқиға емес. Бұл – еліміздегі білім саласындағы жауапсыздықтың, қадағалаусыздықтың бетпердесі. Егер құзырлы органдар үнсіз қалса, ертең мұндай сұмдық басқа да балалардың басына түспесіне кім кепіл?" Деп жазды Ләззат Асанова. 
Барлық жаңалықтар