Мұғалімнің өлімі: Атыраулық сотталушы өзіне өлім жазасын беруді сұрады

Мұғалімнің өлімі: Атыраулық сотталушы өзіне өлім жазасын беруді сұрады

Бүгін судья Зарема Хамидуллина сотта 16 мектептің мұғалімі Алия Елесинованың қазасы бойынша басты сот талқылауы басталды деп хабарлайды Democrat.kz.

Сотталушы Утеулиев Сәрсен айыбын толық мойындап, көзіне жас алып, өзіне өлім жазасын тағайындауды сұрады.

Сот отырысы кешіктіріліп басталды. Себебі сотталушының денсаулығы сыр беріп, оған жедел жәрдем шақырылған. Кейін жағдайы жақсарған соң, ол сотта жауап бере бастады.

Сотталушы жұбайын қызғаныш салдарынан өлтіргенін мойындады. Оның айтуынша, қызғаныш – бұл адамның жанын жегідей жейтін ауру. «Сүйген адамыңды ешкіммен бөліскің келмейді, үнемі біреу оған қарап жүргендей күй кешесің», – деді ол.

Судья сотталушыдан жұбайының басқа біреумен сөйлескені немесе кездескені туралы нақты деректердің бар-жоғын сұрады. Алайда сотталушы мұндай жағдайлардың болмағанын, мәселе тек өзінің әйелін бәрінен қызғануында екенін айтты.

Сонымен қатар, ол интернеттегі түрлі бейнежазбалар мен материалдардың санасына теріс әсер еткенін айтып, «интернет өте жаман» деген пікірін жеткізді.

Сотта 63 жастағы Утеулиевтің әйелін себепсіз қызғанғаны, үйіне бейнекамералар орнатқаны, жұбайының жүрген жерін 2GIS арқылы бақылап отырғаны, мектептің 26 жастағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімінен де негізсіз қызғанғаны анықталды. Сондай-ақ отбасында бірнеше рет жанжал болғаны белгілі болды.

Сот отырысында судья Зарема Хамидуллина сотталушыға шын сүйген адам ең алдымен сүйгенінің амандығын, бақыты мен тыныштығын тілейтінін атап өтті.

Бүгінгі сот отырысында айтылған сөздердің ішіндегі ең ауыр мойындау – нақты бір адамның емес, өз ойының тұтқынына айналған қызғаныштың бұл қылмысқа себеп болғаны еді. Бір сәттік ашу сенімсіздік, бақылау мен күдік ақыры орны толмас қайғыға алып келген. Бұл іс тағы бір рет сүйіспеншілік пен иелік етудің екі бөлек ұғым екенін көрсетті. Сүйіспеншілік сенімге құрылса, қызғанышқа негізделген бақылау ақырында орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.

Барлық жаңалықтар