Мұхтар Шаханов қанша өмірі қалғанын айтып, "сол күнді күтіп жүрмін" деді

Мұхтар Шаханов қанша өмірі қалғанын айтып, "сол күнді күтіп жүрмін" деді

Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұхтар Шаханов жастық шағында көріпкелмен кездесу оқиғасын баяндап, өз өліміне қатысты болжам туралы бөлісті, деп жазады Democrat.kz.

Ақын «1001 түн» бағдарламасына берген сұхбатында, жас күнінде бір белгісіз адамның қолын ұстап, өмір жолын болжағанын еске алды.

Айтуынша, ол кезде Шымкентке ақшасыз барған жас Мұхтар базарды жаяу кесіп өтпек болады. Сол сәтте бетін шор боп кеткен бір адам оның қолын ұстап, тағдырын болжайды.

«Сен бүкіл жер шарына белгілі боласың, сендей биікке ешкім көтерілмейді. 93 жасқа дейін өмір сүресің», – депті әлгі көріпкел.

Мұхтар Шаханов көріпкелдің көптеген болжамы шындыққа айналғанын айтады. Ол әлемнің барлық елінде болып, танымалдылыққа жеткенін растады.

«Қазір 82 жастамын. Көріпкел айтқан 93 жасқа 11 жылдай уақыт қалыпты. Соны күтіп жүрмін», – дейді ақын әзіл-шыны аралас.

Жазушының бұл әңгімесі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Барлық жаңалықтар