Танымал журналист Асылхан Мамашұлы қазақтың ақыны Мұхтар Шахановқа ескерткіш орнату керегін айтады деп жазады Democrat.kz.
"Фейсбуктен Мұхтар Шахановтың суретін көріп отырмын (төменде тұр). Бұрынғыдай емес, қария баяулап қапты, бүгін 83-ке толыпты. 2022 жылы билік қандай оймен берсе де бұл кісіге "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын дұрыс берді.
Көзі тірісінде бюст, әлде ескерткіш орнатып, көңілін аулап қойса болғандай екен, қашанғы жүрер дейсің. Қария қисайып қалса, екі тумас ерім-ай дейміз. Анау ильиндер мен баландиндердің де атында сарай тұр емес пе?
Ақындығын өзгелер айта жатар, кейінгі саясаткерлігі де біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Ең бастысы, дәл керек кезде бұғып қалмай ұлттың сөзін сөйлеп, Азаматтығын көрсеткен кісі.
Әр адамның қайрат көрсетер, көзге түсер, елге зор пайдасы тиер сәті болады екен. Сол сәтте бұғып қалсаң – көптің бірісің. Мұхтар Шаханов, әсіресе 1987-90 жылдары айрықша қайрат көрсеткен адам. Сол кездегі қызметі докторлық диссертация тақырыбына лайық.
"Мұхтар көкем тамаша" деп құр желпіне бермей, дұрысы мен бұрысын салыстырып, объективті зерттеу шығарса, кім екені жарқырай түседі. Әлде ондай зерттеуді байқамай қалдым ба?
"Мен болмасам көрер едіңдер" деп ұрсатын сөзін есте ұстап, онша жақтырыңқырамай, сол қызметін асықпай, салыстырып қарап шықтым. Сөйтсем халыққа қызметі қадірленбеген соң, күйгеннен айтады екен ғой.
Өз басым Олжас Сүлейменовке де осылай қараймын. Иә, Назарбаевтың билігімен әрі-сәрі болғаны да бар, пендешілігі де, жағымпаздығы да болған шығар. Онысы да жазылды, айтылды.
Бірақ еңбегі одан әлдеқайда зор адам. Адамның елге қызметі бүгінгімен ғана бағаланбайды. Бұлар - тұлғалар. Тұлғалардың кемшіліктерін ашық айтып, артықшылықтарын лайықты бағалау керек" деп жазады Асылхан Мамашұлы.