Танымал композитор, жазушы Ілия Жақанов әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұхтар Шахановтың қазасына орай жазба жариялап, жоқтауын жеткізді деп жазады Democrat.kz.
"Әй, жалған дүние-ай, біздің заманының ер-жүрек ақыны, қазақ поэзиясының еркебұланы, өмірге ашық көзбен, ғашық көзбен қарап, жалындаған жүрегінен әділет, шындық деген отты сөздермен арпалысып кең дүниеге сыймай кетіп барады.
Мұхтар Шахановпен бір кезде қазақ радиосында бір кабинетте отырып, қызмет еткен сол жылдар көз алдымда.
Меннен 6 жасы кіші еді. Текті тұқымнан екендігін ақыл парасатынан, ізеті, сыйластығынан сезетін едім. Алдымнан кесе-көлденен өтпейтін қасиетін мен де жақсы көретін едім.
Маған еркелеп жүріп: - "Аға, бір керемет радиопьеса жаздым. Бұл кешегі соғыста мерт болған әкенің өсіп жетілген ұлының әкесін ерліктің даңқына көтерген жас жігіттің азаматтық келбеті еді. Соған Сіздің ғана терең толғанысты әніңіз керек. " - деді. Өзім де сол соғыстың қасіретін көп ойлай беретінмін. Әкем сол қырғыннан сегіз жерінен жараланып елге құр жаны жетті ғой.
Мұхтар Шахановтың сол радиопьесасына "Әке даңқы" деген әнді жаздым. Осы пьеса эфирден берілген күннен бастап, әкелері соғыстан қайтпаған азаматтардың хаттары радиоға көп келе бастады.
Сол хаттардың бірін өз аулымыздағы Аманжол Сәрсекеев деген азамат жазыпты. Ақырында сол Аманжол әкесі соғысқан жерге барып, әкесінің бейітін тапты. Топырағын әкеліп, елдің қорымында ескерткішін орнатты.
Мұхтар Шахановпен болған осы жайды ойлағанда өмірге ғашық көзбен қарап, әділет, шындық үшін жеңілмей, шегінбей, берілмей күрескен қайратты азаматтың жалынды жүрегі тоқтапты.... Жазмыш ісіне не дауа, бақұл бол, бауырым... Ана дүниеде де жүзің жарқын....Сенің отты жырларың ешуақытта салқындамайды, жалындап жатады.... Ағаң, Илья Жақанов"деп жазды.