Алматы қаласын дамыту орталығының басшысы Руслан Берденов бірер күн бұрын шыққан өзіне қатысты "жаңа жылды тойламау, мұсылманның мерекесі емес" деген жазбаға қатысты ресми түсініктеме берді деп жазады Democrat.kz.
"Достар, желіде менің Жаңа жылға қатысты және компания ішіндегі ұстанымыма байланысты жалған ақпарат таратылып жатыр екен.
Осы орайда, өз позициямды ашық әрі шынайы түрде білдіруді жөн көрдім. Бұған дейін де өзіме қатысты айтылған кез келген сынды немесе әңгімені жауапсыз қалдырған емеспін.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біз көпұлтты, көпконфессиялы елміз. Сондықтан мен үшін, басшы ретінде «дұрыс» немесе «бұрыс» дін мен мәдениет өкілдері деген ұғым жоқ және болуы да мүмкін емес. Мен барлық дәстүрге құрметпен қараймын. Ол Жаңа жыл болсын, Наурыз болсын, Рождество, Құрбан айт немесе адам мен оның отбасы үшін маңызды кез келген мереке болсын, бәрі де қадірлі.
Мен үшін Жаңа жыл ең алдымен отбасылық мейрам. Бұл жақындарымызбен бірге болып, өткен жылға қорытынды жасап, бір-бірімізге алғыс айтып, алдағы жоспарларымызды айқындайтын сәт.
Діни себеппен мерекені атап өтуден бас тарту, корпоративтерді немесе жаңа жылдық сыйлықтарды алып тастау туралы ешқандай шешім қабылданған жоқ және ондай шешім қабылдануы да мүмкін емес.
«Жаңа жыл – мұсылман мерекесі емес, сондықтан біз қызметкерлерді құттықтамаймыз» деген мәлімдемелер шындыққа жанаспайды. Осындай хабарламаларға сақтықпен қарап, тексерілмеген ақпаратқа сүйеніп, қорытынды жасамауларыңызды сұраймын. Кез келген сұрақ, келіспеушілік немесе түсінбеушілік туындаса, біз оларды әрдайым команда ішінде ашық, сыйластықпен және конструктивті түрде талқылауға дайынбыз.
Мен әр қызметкер өзін қауіпсіз сезінетін, құрметке ие және өз пікірін еркін жеткізе алатын корпоративтік мәдениетті қолдаймын.
Компанияның дамуына үлес қосып жүрген әрбір қызметкерге алғысым шексіз.
Қауіпсіздік қызметі қазір бұл жағдайды зерттеп жатыр, ақпараттың бұрмалануы қайдан шыққанын анықтау үстінде. Біздің мақсат – біреуді кінәлау немесе жазалау емес, мәселені нақтылап, алдағы уақытта мұндай ақпараттық толқындардың алдын алу.
Егер кімде-кім өзінің құқығы бұзылды деп санаса, менің кабинетімнің есігі әрдайым ашық. Бір-біріміз туралы сырттан емес, бір-бірімізбен тікелей жүзбе-жүз сөйлесейік.
Біз алдағы уақытта да бірге жұмыс істеп, дамып, бір-біріміздің дәстүрімізді құрметтей отырып, бірге мерекелей береміз"деп жазды Руслан Берденов өзінің ресми парақшасында.