Ауғанстанның Герат провинциясында кедейлік пен қарыздан құтыла алмаған әйелдер бүйрегін сатуға дейін барып жатыр. Кейбір отбасыларда алдымен ер адам, кейін оның әйелі де бүйрегін сатуға мәжбүр болған. Amu TV зерттеуінде бір бүйрек үшін шамамен 1,5–3 мың доллар ұсынылатыны, ал мұндай операциялардың жекеменшік клиникаларда жасырын жүргізілетіні айтылады, деп жазады Democrat.kz.
Герат тұрғыны Фатима күйеуінің қарыздары көбейген соң өз бүйрегін сатуға мәжбүр болғанын айтқан. Оның сөзінше, бұған дейін күйеуі де бір бүйрегін сатқан. Алайда одан түскен ақша отбасының мәселесін түбегейлі шеше алмаған.
Фатима операциядан кейін денсаулығының күрт нашарлағанын, қалған жалғыз бүйрегінің де дұрыс жұмыс істемей жатқанын жеткізген. Соған қарамастан ол балаларын асырау үшін ауыр жұмыс істеуге мәжбүр. Amu TV қауіпсіздік мақсатында әйелдің толық жеке деректерін жарияламаған.
Тағы бір Герат тұрғыны Арифа да жоқшылықтан бүйрегін сатуды бірнеше рет ойлағанын мойындаған. Оның айтуынша, өзімен көрші тұратын үш-төрт әйел де ағзасын сатып жіберген.
«Күйеулерінде жұмыс жоқ. Бір күні үйге келсем, балам аштықтан есінен танып қалыпты. Көршілерден нан сұрадым, бірақ олардың өзінде де нан болмады», – деген Арифа.
Amu TV дерегінше, Гератта бір бүйректің бағасы шамамен 100–200 мың ауғани, яғни 1 527–3 053 доллар аралығында. Ал трансплантация операциясының өзі 200–500 мың ауғаниге, шамамен 3–7,6 мың долларға түседі. Телеарна кейбір ықпалды шенеуніктер мен белгілі жекеменшік клиникалардың дәрігерлері мұндай мәмілелерге қатысы болуы мүмкін екенін хабарлаған.
Бұл құбылыс Гератта бүгін ғана пайда болған жоқ.
TOLOnews бұған дейін соңғы бес жылда Гератта 1 мыңнан астам бүйрек сатылғаны туралы дерек келтірген. Тіпті Инжил ауданындағы бір ауылдың өзінде жүзден астам адам бүйрегін сатқаны айтылған. Олардың арасында әйелдер мен балалар да болған.
Кейбір тұрғындар бір бүйрегі үшін шамамен 300 мың ауғани алған. Бірақ операциядан кейін ауыр дене еңбегін атқара алмай қалғандарын айтқан. Бір тұрғын «бұрынғыдай күрек ұстап жұмыс істей алмаймын» деп денсаулығының әлсірегенін жеткізген.
Гераттағы бұл жағдай халықаралық БАҚ назарын бұған дейін де аударған. 2022 жылы Al Jazeera мен басқа басылымдар кедей отбасылардың бүйрегін 1,5 мың доллар шамасында сатқаны туралы жазған. Кей кезеңдерде ұсыныс көбейген сайын бүйрек бағасының 3,5–4 мың доллардан 1,5 мың долларға дейін құлдырағаны хабарланған.
Дәрігерлер бір бүйрекпен өмір сүру міндетті түрде ауыр асқынуға әкеледі демейді. Алайда мұндай адамдарда қан қысымының жоғарылауы және қалған бүйректің жұмысы нашарлау қаупі бар. Әйелдер үшін жүктілік кезінде қосымша қауіп туындауы мүмкін.
Гераттағы мәселенің түпкі себебі – ағза саудасының өзі ғана емес, оны туындатып отырған жаппай кедейлік пен жұмыссыздық. Кей отбасылар үшін бүйрек сату қарызды жабудың немесе балаларын бірнеше ай асыраудың жалғыз жолына айналып отыр.
Бірақ ең ауыр қайшылық та осында: адамдар кедейліктен құтылу үшін денсаулығынан айырылады, ал бүйректен түскен ақша біткен кезде олар бұрынғыдан да ауыр жағдайда қалуы мүмкін.