«Мынау не масқара?!»: Айтыскердің әрекеті жұртқа жаға ұстатты

«Мынау не масқара?!»: Айтыскердің әрекеті жұртқа жаға ұстатты

Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданына қарасты Шайыр ауылының 100 жылдығына арналған айтыста қарағандылық ақын, «Алтын домбыра» иегері Мақсат Ақановтың өнер көрсетуі әлеуметтік желіде қызу сынға ұшырады. Желі қолданушылары ақынның сахнадағы әрекетіне наразылық білдіріп, айтыс мәдениеті мен ақын әдебі мәселесін көтерді, деп жазады Democrat.kz.

Facebook қолданушысы Нұргүл Хасанова 11 қыркүйекте өткен айтыстан видеоүзінді жариялап, Мақсат Ақановтың сөз саптасы мен сахнадағы қылығын өткір сынға алды.

Желі қолданушыларының бір бөлігі ақын сахнаға мас күйінде шыққан болуы мүмкін деген болжам айтып, оның ұйқас құрауда қиналғанын жазды. Алайда бұл — әлеуметтік желі қолданушыларының бағасы, ақынның алкоголь қолданғаны ресми түрде расталған жоқ.

Нұргүл Хасанова болған жағдайды «айтыс сахнасына жасалған құрметсіздік» деп бағалады.

«Мынау не масқара, не көргенсіздік! Күні кеше Шайыр ауылының 100 жылдығында болған жағдай дейді. “Аяғы лас төрді былғайды, аузы лас елді былғайды” деген, аузына келгенін айтып отырған адамды сахнадан алып шығатын бір намысты азамат болмағаны ма? Жүз жерден “жұлдыз”, мың жерден “дүлдүл” болса да! Айтыстың әдебі, сахна мәдениеті қайда?!» – деп жазды ол.

Автор сондай-ақ ұйымдастырушылар мен қазылар алқасының әрекетсіз қалғанын сынға алып, мұны ел мен жерді сыйламау деп бағалаған.

Жазба астында пікір қалдырғандардың бір бөлігі Хасанованы қолдап, танымал ақын болу сахна мәдениетін сақтамауға себеп бола алмайтынын жазған.

Айтыс Одағы: «Біздің жоспардағы айтыс емес»

Дауға байланысты Айтыс Одағының төрағасы Аманжол Әлтай да пікір білдірді.

Оның айтуынша, Шайыр ауылындағы айтыс Айтыс Одағы ұйымдастырған немесе ресми жоспарына енгізілген шара болмаған.

«Жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен, сол өңір азаматтарының ұйымдастыруымен өткен. Біздің қатысымыз жоқ. Өзім ұйымдастырған, қадағалаған айтыстарда сахна мәдениетінің сақталуына, ақындардың әдебіне ерекше мән беріледі», – деді ол.

Сонымен қатар Одақ тарапынан Мақсат Ақановқа қатысты нақты шешім қабылданған.

«Мақсат Ақановты алдағы жарты жылда айтыстарға қатыстырмау жөнінде шешім қабылданды», – деді Аманжол Әлтай.

Осылайша Шайыр ауылындағы бір кеш әлеуметтік желіде ақынның жеке жауапкершілігі ғана емес, айтыс сахнасының әдебі мен ұйымдастырушылардың жауапкершілігі қандай болуы керек деген кеңірек талқылауға ұласты.

Барлық жаңалықтар