Мысықтың төсегін ұрлаған кісі енді түрменің төсегінде ұйықтамақ

Мысықтың төсегін ұрлаған кісі енді түрменің төсегінде ұйықтамақ

Қосшы қаласының сотында тұрғын үйге заңсыз кіріп, мүлік ұрлаған азаматқа қатысты ашық сот отырысы өтті деп жазады Democrat.kz.

Сотта анықталғандай, Н. есімді азамат өзін «газ магистраліне қосу қызметін ұсынамын» деп таныстырып, Г.-ның үй ауласына кіріп, курьер тастап кеткен екі қорапты алып кеткен. Қораптардың жалпы «құны» – 28 мың теңге.

Алайда қораптарды ашқан соң, Н.-ның үміті су сепкендей басылған. Ішінен мысыққа арналған жатын орын мен ас үйге арналған ұсатқыш шыққан. Бұл «олжаның» қажетсіз екенін түсінген ол қораптарды… лақтырып жіберген.

Сотта Н. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініп, келтірілген залалды өтегенін айтты.
Жәбірленушінің айтуынша, тауарлар интернет арқылы тапсырыспен алынған, ал курьер оларды үй ауласына қалдырып кеткен. Бейнебақылау камераларын көрген соң, жағдай полицияға белгілі болған.

Сот Н.-ның өкініш білдіруін және залалды өтеуін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Алайда оның бұрын 6 рет сотталғаны, оның ішінде ауыр қылмыстар үшін де болғаны назардан тыс қалған жоқ.
Нәтижесінде сот үкімімен Н.-ға 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қысқасы, «қорапта не барын білмей-ақ» алған әрекет мысық төсегімен емес, түрмемен аяқталды.

Барлық жаңалықтар