Назарбаевтың Кремль дастарханынан дәм татуы кездейсоқ емес. Белгілі саясаттанушы Аркадий Дубнов дәл осындай пікірде деп жазады Democrat.kz. сайты Ertenmedia.kz.ке сілтеме жасап.
Путин мен Назарбаевтың кешегі отырысын 8 секундқа сыйдырған кадрдың шын мәні әлдеқайда тереңде болуы мүмкін. Дубновтың айтуынша, дәл қазір Кремль назарын Назарбаевқа ғана бұрып отыр. Мұның екі себебі бар...
«Нұрекең Кремль үшін әлі де ықпалын сақтап отырған «ескі Қазақстанның» символы. Оның физикалы және интеллектуалдық қуаты да әзірге сыр бермеген сияқты. Сондықтан да Путин бұрынғы әріптесімен кездесуді үзген жоқ, тіпті 2022 жылғы «Қаңтар қырғынынан» кейін де онымен контактіні сақтап отыр», – дейді Дубнов.
Автордың пікірінше, Назарбаевтың Кремльде арнайы дастархан басында қарсы алынуы Тоқаевқа берілген сигнал. Орыс пропагандасы мұндай құрметке бұған дейін Си Цзиньпин мен Александр Лукашенко ғана бөленгенін айтып улап-шулап жатыр.
«Назарбаев биліктен әлдеқашан кеткен. Ел ішіндегі абырой-беделіне «Қаңтар қырғыны» ауыр соққы болды. Соған қарамай Назарбаев әлі күнге дейін Кремльге өте қажет тұлға болып отыр», – дейді сарапшы.
Дубновтың айтуынша, қазіргі прездиент Тоқаев Назарбаевтан билікті қабылдап алған соң, олардың арасында белгілі бір «жабық келісім» болған. «Осы келісім Назарбаевқа саяси иммунитет беріп отыр», – дейді саясаттанушы.
«Кремльдің Тоқаевқа қарағанда Әбішұлына ықыласы ерекше екенін байқау қиын емес. Путин мен Назарбаевтың арасындағы «химия» әлдеқайда күшті. Дегенмен Кремль Қазақстандағы биліктің қос орталығын мойындайтын ашық белгі беруден қашады», – деген ойда Дубнов.
Автордың пікірінше, Қазақстанның халықаралық аренадағы негізгі тұлғасы сөзсіз Тоқаев. Оның келер жылы АҚШ-та өтетін «Үлкен жиырмалық» саммитіне арнайы шақырылуы да осыған дәлел.
«Мұндай құрмет Путиннің жанына батады. Оның халықаралық беделіне нұқсан келгені сонша, алдағы саммитке қатысуы екіталай», – деп түйіндепті саясаттанушы.
Бұған дейін депутат Бапи экс-елбасыны елден шығармайтын заң қабылдауды ұсынған еді. «Назарбаевтың жүріс-тұрысын бақылау керек», — дейді мәжілісмен.