Қазақстанда іздеуде жүрген Мәжілістің экс спикері Нұрлан Нығматуллиннің ағасы Арғын Нығматуллин Португалияда жасырынып жүр деген хабар тарады деп жазады Democrat.kz.
Деректерге сүйенсек, оның жұбайы Найле Бельбаева Мальтада тіркелген Heartwood Limited компаниясы арқылы Португалиядан шамамен 3 млрд теңгеге бағаланатын вилла иеленген.
Егер Арғын Нығматуллин расымен Еуропада болса, бұл оны Қазақстанға экстрадициялау процесін күрделендіруі ықтимал.
Айта кетейік, аталған вилла Португалияның оңтүстігіндегі курортты Картейра қалашығында орналасқан. Жақын маңдағы ірі қала Лагуш, ал астана Лиссабонға дейін шамамен үш сағатта жетуге болады.
Арғын Нығматуллин Қарағандыдағы «Сарыарқа» хоккей клубының бұрынғы директоры және экс-мәслихат депутаты.
Ол бір жылдан астам уақыттан бері халықаралық іздеуде жүр. Бұған дейін Қазақстанның Бас прокуратурасы Түркияға да ресми сұрау жолдаған.