Жазушы Нұрлан Оразалиннің әкім ұлы алматылықтарды алқаштардың айқай-шуынан құтқармады.
Өкімет спирті көп ішімдікті тал түстен бастап кешкі 9-ға дейін ғана сату жөнінде шектеу қойған. Бұл шектеу күні-түні ішетін, үнемі бас жазам деп қаңғалақтап жүретін алкаштарға жаман тиді, арақ-шарап сатуды бизнес қылып отырған кәсіпкерлерге де қиын.
Осы шектеуді айналып өтетін, ішкіштерді күні-түні суарып отыратын «Ракса» деген дүкендер желісі ашылған. Заңдағы шектеуді айналып өту үшін «Раксаны» дүкен қожайындары тәулік бойы жұмыс істейтін «магазин-бар» деп атады.
Ресторанда күні-түні іше береді ғой, мұнда да сондай – арақ-шарапты «Ракса» ішінде ішсең де болады, үйіңе апарып ішсең де болады, әрине ресторандағыдай қымбат емес, арзанға көп кәйіп аласың. Алкаштарға да керегі осы ғой.
Әрине, мұндай жер айқай-шуға тұнып тұрады; даурығып-лепіріп дауыс көтеріп сөйлеседі, боқтық сөз түнгі Алматының тымық ауасын тілгілеп жатады, кейде шарт-шұрт төбелес болады. Осыдан мезі болған тұрғындар Алматының бұрынғы әкімі Е.Досаев қала халқымен кездескенде Медеу ауданындағы «Раксаның» үш дүкен-барына қарсы арызданды.
Жиында Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Нұрланұлы Оразалин де отырды. Дәу әкім проблеманы шешуді кіші әкімге тапсырған. Е.Оразалин мәселенің төркінін шұқылап зерттеп жіберген екен, Медеу ауданын «ащы сумен суарып» жатқан «Раксаның» үш сауда орыны да «Иманакунова А.Ш» атты жеке кәсіпкерге (ИП - ЖК) тіркеліпті (фамилиясы Иман және Ақын сөзінен құралған сияқты).
Содан әкім Еркебұлан Оразалин 2023 жылдың 26 қаңтарында Медеу ауданы халқымен кездесіп, атқарған жұмысының есебін береді ғой. Жиында «Иманакунова А.Ш» ЖК алкогол өнімдерін сақтау мен оның бөлшек саудасына берілген лицензияны өз еркімен қайтарғаны, ал өкімет лицензияны туалай жойғалы жатқаны айтылады.
Тұрғындар «Иманакуновадан», оның үш «Раксасынан» құтылғанына мәз болып, Досаевқа да, Оразалинге де алғыс айтып тарайды... Өкінішке орай, тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Е.Оразалин халықпен кездескен күннен бір апта бұрын, яғни 2023 жылдың 20 қаңтарында «Раксаның» үш дүкеніне алкогол сату лицензиясын есімі әртүрлі, бірақ фамилиясы бірдей үш Панаевқа жеке-жеке беріп жіберіпті.
«Біреу еді маям, үшеу болды хаям» деген осы ғой. Былай қарасаң, сол кездегі қала әкімі болған Е.Досаевтың тапсырмасын Е.Оразалин «тиянақты» орындаған – тыныштық іздеген тұрғындарды «Иманакуновадан» құтқарды. Былай қарасаң, «сол баяғы баяғы, баяғының таяғы» - енді үш Панаевтың алкогол бизнесі тұрғындардың тыныштығын бұзып, мазасын алып жатыр.
Қазір қалаға жаңа әкім келді. Ол – Дархан Сатыбалды, түріне қарасаң, салаутты өмір салтын ұстанатын азаматқа ұқсайды. Ал Медеу ауданының тізгінін ұстап сол баяғы Еркебұлан Оразалин отыр.
Алда-жалда қала әкімі Д.Сатыбалды күні-түні спирттік ішімдік сатып, халықтың мазасын алып жатқан дүкен-бардың «көзін құрт» деп тапсырма берсе, аудан әкімі Е.Оразалин «Панаевтарды» кіммен алмастырады екен?!. Әлде қала әкімінің жазушы ұлымен қош айтысқаны проблеманы оңды шешудің оңай жолы ма? Не істесе де, қала халқының тыныштығын бұзбау керек қой...
Ораз ӘЛІМБЕК, журналист.