Әлеуметтік желіде Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақ ұрпаққа арналған аманат хаты сақталғаны жазылған ескерткіш тастың суреті тарады. Хаттың 2100 жылы ашылатыны туралы жазба жұртты елең еткізіп, желі қолданушылары әзіл мен сын аралас жүздеген пікір қалдырды, деп хабарлайды Democrat.kz.
Threads желісінде жарияланған суретте тасқа:
«Осында Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болашақ ұрпаққа аманат хаты сақтаулы» деген жазу қашалған.
Жазба авторы:
«2100 жыл сенде жоқсың, онда жоқ. Нұрсұлтан атам не деп жазып кетті екен?» – деп сауал тастаған.
Кейін ол ескерткіш тастың артқы бөлігінің суретін де жариялап, оның тұрғанына 29 жыл болғанын жазды.
Содан кейін пікір алаңы нағыз халықтық юморға айналған.
«2050-де аша салайықшы»
Желі қолданушыларының көбі 2100 жылды күткісі келмейтінін әзілмен жеткізді.
Бірі:
«2050-де аша салайықшы, бірігіп», – десе,
екіншісі:
«74 жыл қалыпты, күте тұрыңдар. Бірақ ол кезде мәңгілік мекенге кетіп қаламыз-ау», – деп жазды.
Тағы бір қолданушы:
«Біз болмаймыз ғой, арманда кетпейік, ертерек аша берсе болмай ма?» – деген ұсыныс айтты.
Ал өзгесі:
«Ни че, 89 жаста өзім ашам», – деп жұртты күлдірді.
«Болашақ жастардың қолында» деп тұрса ше?
Пікірлер арасында хаттың ішінде не жазылғанын болжағандар да аз болмады.
Белгілі желі қолданушыларының бірі:
«„Болашақ жастардың қолында“ деп тұрса», – деп әзілдеген.
Оған жауап берген оқырман:
«Қанша жыл күткен ожиданиенің быт-шытын шығарып па?» – деп жазды.
Тағы біреулер хаттың мазмұнын өздерінше «болжап» кетті:
«Алға, Қазақстан!» деп тұр.
«Абайды оқыңдар» деп жазылған.
«Біз де сіздей болғанбыз, сіз де біздей боларсыз» десе...
«100 жыл өмір сүруге мотивация ғой».
«Made in China деп тұрса...»
«Жер домалақ» десе.
Тіпті:
«Екі сиырдың не болды?» деп тұрса, – деген қалжың да жазылған.
«Ашып тастау керек шығар?»
Алайда пікірлердің бәрі әзіл емес.
Кейбір азаматтар аманат хаттың қоғам үшін тарихи маңызы болса, оны 2100 жылға дейін сақтаудың мәніне күмән келтірген.
Бір қолданушы:
«Ашып тастау керек шығар? Не деді екен? Қаңтардан кейін қадірі қалмады ғой», – деп жазған.
Тағы бірі:
«Аманатты ие бола алмай тараттың басқа қылып жіберді. Аманат сөздің қадірі кетті. Аша беру керек шығар енді?» – деген пікір білдірген.
Ал келесі адам:
«Ашып, не жалғанын біліп, жауып іске кірісе берсек қалай болады?» – деп жазған.
«Қазіргі жастар президентті көрмеген»
Пікірлердің ішінде екі буынның көзқарас айырмашылығын аңғартатын жазбалар да бар.
Бір желі қолданушысы:
«Ол кездегі жастар Президентті көрмеген, оларға қатты қызық бола қоймайды-ау. Біздер үшін кішкентай кезден көріп өскен атамыздың не жазғаны қызық емес пе?» – дейді.
Бұл пікірдің өзінде белгілі бір шындық бар. 2100 жылы өмір сүретін қазақстандықтар үшін бүгінгі саяси тұлғалар бізге ХІХ ғасырдағы қайраткерлер қандай қашық көрінсе, шамамен сондай тарихи кейіпкерге айналуы мүмкін.
2100 жылға қалдырылған хатта не бар?
Әлеуметтік желідегі ең қызықты сұрақ та – осы.
Суреттегі жазуға қарағанда, бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың «болашақ ұрпаққа аманаты». Алайда әлеуметтік желідегі жарияланымда хаттың нақты мазмұны немесе оны 2100 жылы ашу туралы ресми тәртіп көрсетілмеген.
Сондықтан «хаттың ішінде не жазылған?» деген сұрақ әзірге жауапсыз қалып отыр.
Бірақ бір нәрсе анық: 2100 жылға арналған аманаттың өзі қазірдің өзінде бүгінгі ұрпақтың әзіліне, саяси бағасына және қызығушылығына айналып үлгерді.
Желі қолданушыларының бірі мұның бәрін бір ауыз сөзбен түйіндегендей:
«Прикол ұстап жазып кеткен болса...»