ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2026 жылғы 27 қаңтарда Үкімет брифингінде Қазақстандағы білім беру стандарттары, оқу бағдарламалары және оқулықтардың мазмұны кезең-кезеңімен тексерілетінін мәлімдеді деп жазады Democrat.kz. сайты Zakon.kz.-ке сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс барысында оқулықтардың сапасына қатысты бірқатар кемшіліктер анықталған. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі талдау жұмыстарын бастаған.
«Біз барлық білім беру стандарттарын, соның ішінде ТОСО-ны, сондай-ақ барлық үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын талдадық. Себебі оқулықтар дәл осы құжаттар негізінде әзірленеді. Келесі кезең – оқулықтардың өзін апробациядан өткізу және жан-жақты талдау жүргізу. Қателері бар оқулықтар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мен «Оқулық» орталығының мамандарымен жеке кездестім, олар маған өз есептерін таныстырды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, мәселе енді ғана көтеріліп отыр», – деді министр.
Оның айтуынша, алдымен білім беру бағдарламаларының мазмұнына талдау жасалып, соның ішінде үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламалары тексерілген.
«Келесі кезең – оқулықтар мазмұнының сапасы. Сондықтан алдағы кездесуде «Өзін-өзі тану» оқулығына және қателіктер анықталған басқа да оқулықтарға қатысты сіздерге толық ақпарат бере аламыз деп ойлаймын», – деп толықтырды Жұлдыз Сүлейменова.