Аягөзде Айғыз мектебі оқушысының өлгені рас болып шықты. Мұны білім беру саласының басшылары неге жасырды?
Бұған дейін аймақтағы дереккөзім «Аягөз ауданындағы Айғыз орта мектебінің 9-сынып оқушысы сабақ өтіп жатқан кезде далаға шығып кетіп, содан жеделтетіп үйіне барып асылып қалған» деп хабарлаған еді. Бұл ақпараттың рас-өтірігін көңілі күпті боп отырған халыққа айтуды Айғыз мектебінің директоры Талғат Жұмабаев та, Аягөз аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрғали Әзімбаев та жөн санамады. Сондықтық Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдауға мәжбүр болдық. Министрліктің балар құқығын қорғау комитеті Айғыз мектебіндегі қайғылы оқиғаның болғанын «Аталған факті 2025 жылғы 20 мамырда тіркелді. Осы сынды жағдайларға ден қою алгоритміне сәйкес білім бөлімінің жанынан мобильді топ құрылып, мектептегі тәрбие жұмысына мониторинг жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын зерттеді. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жалғастыруда» деп растады. Мен өз кезегімде Аягөздегі білім беру жүйесіндегі жағдайды зерттей бастадым. Айғыз мектебінде 2010-жылдардың басында да дәл осыған ұқсас қайғылы оқиға болған. Мұны да жергілікті атқамінерлер жылы жауып қойыпты. Дегенмен, ол кезде Т.Жұмабаев Айғыз мектебіне директоры емес. Ашық деректерде ол Айғызға 2021 жылдың басында директор болып келгені жазылған. Ал аудандық білім бөлімі басшысының креслосында Нұрғали Әзімбаев 2010 жылда бері мызғымай отыр екен. Сондықтан оның «қандай теріден тігілгенін» біраз зерттедім. Сөйтсем, «балық басынан шіріпті». 2010 жылы Айгөз әкімінің аппарат басшысы болып Қарлығаш Ргаева келді. Оның поштасына Н.Әзімбаевтың психикалық аурулардың «Д» есебінде тұрғаны жөнінде 1969-1985 жыл аралығындағы құжаттың көшірмесі келіп түседі. Сонымен қатар, білім бөлімі қызметкерлері тарапынан «Н.Әзімбаев бізді қорқытады, оның іс-әрекетінен, жүріс-тұрысынан есалаңдық байқалады» деген арыз жазылады. Осы жағдайға байланысты 2013 жылы Н.Әзімбаев білім бөлімі басшысы қызметінен шеттетіліп, басшының міндетін атқарушы ретінде Бану Турмухаметова тағайындалады. Аппарат басшысы Қ.Ргаева мен Б.Турмухаметова аудандық ауруханаға Н.Әзімбаевтың қазіргі психикалық жай-күйін, «Д» есепте тұратын-тұрмайтын сұрап ресми сауал жолдайды. Дегенмен, Аягөзде әкім емес, әкімнің сол кездегі орынбасары Сейілбек Ысқақовтың (қазір Абай облысы дін істері басқармасының басшысы) мысы басым боп шықты. Ол да Н.Әзімбаев сияқты Шұбартау ауданының Қосағаш ауылының тумасы тұғын. Сондықтан уақытша қызметінен шеттетілген Н.Әзімбаевтың позициясы аяқасты күшейеді. Ол Қ.Ргаева мен Б.Турмухаметованы сотқа береді. Сот барысында аппарат басшысы Қ.Ргаев «тәпішкесінен секіреді» де, Н.Әзімбаевтың талап арызы бойынша барлық айып (айыппұл) білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Б.Турмухаметова мойынына ілінеді. Сот шешімі (23.08.2013) шыққан соң Н.Әзімбаев білім бөлімінің басшысы қызметіне қайта оралады, ал Бану Турмухаметова қайтыс болады. Кейбіреулер оның жеме-жемге келгенде сатқындыққа ұшырағанын қорланып өзіне өзі қол жұмсап өлгенін айтады, бірақ дәрігерлік анықтамада Б.Турмухаметованың «жүрек талмасынан қайтыс болғаны» жазылған. Бір кезеңде «ит пен мысықтай ырылдасқан» Н.Әзімбаев пен Қ.Ргаева түк болмағандай Аягөз аудандық әкімдігінің екі қанатында әлі жауапты қызмет атқарып жүр. Олардың бұл қызметте тапжылмай отырғанына 15 жыл болды. 2025 жылдың 20 мамырындағы Айғыздағы оқушы өлімін Оқу-ағарту министрлігінің «Аягөз аудандық білім бөлімінің жанынан мобильді топ құрылып, мектептегі тәрбие жұмысына мониторинг жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын зерттеді» дегені күпті көңілді көншітпей тұр. Бұл «қасқырға қой бақтырғанмен» бірдей емес пе?!. Атышулы Н.Әзімбаев басқаратын аудандық білім бөліміне Айғыздағы оқушы өлімінің мән-жайын анықтауды сеніп тапсыру ақылға сыймайды ғой... Олар бұрынғы әдетінше бәрін жауып-жасыратынын Оқу-ағарту министрлігіндегі жауапты шенеуніктер түсінбей ме?!. Ораз ӘЛІМБЕК, журналист. Фото көрнекілік үшін.