Қазақстанда мектеп оқушыларының тамақтануына кемінде 60 минут уақыт бөлуді ұсынған петиция жарияланды. Бастама авторы қазіргі үзіліс кезінде балалар кезекте тұрып, ас ішуге небәрі 10–15 минут қана уақыт қалатынын алға тартады. Қоғам белсендісі Альмира Орлова Денсаулық сақтау министрлігіне мектептердегі ұйымдастырылған тамақтануға кемінде бір сағат бөлу туралы ұсыныс жолдады, деп жазады Democrat.kz.
Петиция авторының пікірінше, бұл уақыт тек баланың тамақты жеуіне ғана емес, асханада кезек күтуге, тағамын алуға, үстелге орналасуға және тамақтан кейін асханадан шығуға да есептелуі тиіс.
Орлова қазіргі жағдайда оқушылардың көпшілігі кезекте тұрғаннан кейін ас ішуге небәрі 10–15 минут қана үлгеретінін айтады. Ал жекеменшік мектептерде бұл уақыт шамамен 20–30 минутты құрайды.
Белсендінің сөзінше, мұндай асығыстық баланың дұрыс тамақтануына кері әсер етеді. Уақыт жеткіліксіз болғандықтан кей оқушылар тағамын толық жеп үлгермей, астың бір бөлігін қалдыруға мәжбүр болады.
Петицияда мектептегі тамақтануға берілетін уақытты ұлғайту балалардың асықпай тамақтануына, құрдастарымен еркін араласуына және дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыруына көмектесетіні айтылған.
Бастама авторы Денсаулық сақтау министрлігінен санитариялық қағидаларға тиісті өзгерістер енгізіп, мектеп сабақтарының кестесі мен асхана жұмысын ұйымдастыруға қатысты арнайы ұсынымдар әзірлеуді сұрайды.
Сондай-ақ мектеп тағамының сапасын бағалағанда тек ас мәзірі мен азық-түлік сапасын емес, баланың сол тамақты жеуге нақты қанша уақыты болғанын да ескеру ұсынылған.
Петиция 8 қыркүйекте жарияланған. Оның парақшасындағы мәлімет бойынша, әзірге 50 адам қол қойған және өтініш модерация кезеңінде тұр.
Мәселе шынында да қарапайым емес: оқушыға сапалы тағам беру жеткілікті ме, әлде оны асықпай ішіп-жейтін уақыт та мектептегі дұрыс тамақтанудың бір бөлігі болуы керек пе?