Оқушысы карта ойнаған мұғалім жұмысынан айырылды

Оқушысы карта ойнаған мұғалім жұмысынан айырылды

Түркістан облысында мектеп оқушыларының сабақ үстінде карта ойнаған видеосы әлеуметтік желіде тарап, қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Democrat.kz.

Оқиға Сарыағаш ауданындағы Мұқағали Мақатаев атындағы мектепте болған. Желідегі мәліметке сәйкес, 11-сынып оқушылары сабақ кезінде топтасып, карта ойнап отырған.

Ал сыныптағы басқа оқушылар шулап жүргеніне қарамастан, мұғалім тарапынан ешқандай ескерту жасалмағаны айтылды. Керісінше, педагог телефонмен сөйлесіп, өз ісімен отырған.

Аталған жағдайдан кейін оқушылардың ата-аналарына ескерту берілген. Ал алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі өз еркімен қызметінен кеткен. Оның білім саласындағы еңбек өтілі 13 жыл болған.

Түркістан облысы білім басқармасы бұл әрекет оқу процесінің талаптарына қайшы екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.

Тексеру нәтижесінде жауапты тұлғалардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті тәртіптік шаралар қабылдануы мүмкін. Сонымен қатар мектеп басшылығының жауапкершілігі де қарастырылып жатыр.

Барлық жаңалықтар