Шығыс Қазақстандағы ең маңызды бағыттардың бірі – «Өскемен – Риддер» тасжолының жыры әлі бітер емес. Жалпы ұзындығы 105 шақырымды құрайтын бұл жолды жөндеуге бюджеттен 11 миллиард теңгеден астам қыруар қаржы бөлінген, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты Sn.kz -ке сілтеме жасап.
Алайда, дайындық жұмыстары 2024 жылы басталғанымен, жүргізушілер әлі күнге дейін шаң мен қиыршық тастың ортасында сабылып жүр. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бұл жолды өткен жылдың соңына дейін толық бітіруді жоспарлаған болатын.
Бірақ мердігерлердің қауқарсыздығы мен жол сапасының нашарлығынан келісімшарттар үзіліп, жұмыс қатты тежелді. Оған қоса, аймақтағы тоқтаусыз жауған жаңбыр мен Зимовье ауылы маңындағы күрделі рельеф те құрылысқа үлкен кедергі келтірді. Салдарынан ең қиын учаскелерді тапсыру мерзімі амалсыз 2026 жылдың ортасына дейін созылып кетті.
Қазіргі уақытта жаңа мердігерлер асфальт төсеу мен жол негізін нығайту жұмыстарын қайта қолға алды. Жыл сайын миллиардтар бөлінетін жол саласының сиқы осы болса, халықтың шенеуніктерге деген шыдамы әбден таусылған сияқты. Әлеуметтік желіде наразылық білдірген жұртшылық бұл келеңсіздікке нақты нүкте қойылатын күнді күтеді.