Әнші Алтынай Жорабаеваның қызы Айнараның құдалығы мен ұзату тойынан тараған видеолардан кейін желі қолданушылары бір жайтқа ерекше назар аударды. Көпшілік әншінің қазіргі күйеуі Әлішер Есенғазиннің тойда неге көрінбегенін сұраған, деп жазады Democrat.kz.
Белгілі болғандай, оның қуанышқа қатыспауына отбасындағы қаралы жағдай себеп болған.
Алтынай Жорабаеваның өзі бұған дейін оқырмандарының осы сұрағына жауап берген. Әншінің айтуынша, шамамен жарты жыл бұрын Әлішердің туған бауыры кенеттен қайтыс болған. Олардың отбасылық дәстүрінде жақын адам өмірден өткеннен кейін бір жыл бойы аза тұтып, той-думанға қатыспау қалыптасқан.
Сондықтан Әлішер қыздың ұзату тойына қатыспау туралы шешім қабылдағанымен, қуанышты кейінге шегеруге қарсы болған.
Алтынайдың сөзінше, күйеуі:
«Мен тойға қатыса алмаймын. Бірақ қызымыз Айнараның ұзатуын кейінге қалдырмайық», – деген.
Әнші сонымен бірге тойдың бар дайындығына Әлішердің өзі араласып, қажетті жағдайды жасап бергенін айтты. Оның сөзінше, қызын абыроймен ұзатуға қажетті жауапкершіліктің едәуір бөлігін де жолдасы көтерген.
Бұл жайттың тағы бір маңызды тұсы бар. Әлішер Есенғазин – Айнараның биологиялық әкесі емес. Алайда Алтынай Жорабаева бұған дейін қазіргі күйеуінің қыздарын туған баласындай қабылдап, әкелік қамқорлық көрсеткенін айтқан. Қыздары да уақыт өте оны «папа» деп атай бастағанын жеткізген.
Сондықтан Әлішердің тойда көрінбеуін отбасындағы қандай да бір келіспеушілікпен байланыстыруға негіз жоқ. Әншінің өзінің түсіндіруі бойынша, бұған бауырының қазасына байланысты бір жыл бойы тойға қатыспау дәстүрі себеп болған.
Айта кетейік, Алтынай Жорабаева бұған дейін қызының тойына дайындық барысында құдаларымен алдын ала келісіп, артық ысыраптан бас тартып, тек жас отбасыға қажетті дүниелерге мән беретінін де айтқан еді.