Таяуда Шығыс Қазақстан облысында 48 мектепте директордың орны бос тұрған туралы ақпарат жарияланған еді. Осы ақпаратқа қатысты білім саласында талай жылдан бері жүрген педагог Қуаныш Қыдырәлин неліктен ешкімнің мектеп басқарғысы келмейтінін айтып, себептеріне тоқталды деп жазады Democrat.kz.
"Кезінде қаланың білім жүйесін басқарған кезде, білім саласының ішкі жұмысын өз көзіммен көрдім. Кей кездері мектеп директорымен түннің бір уақытына дейін жұмыс істеген кездеріміз болды.
1 қыркүйек қарсаңында. Мектепке күрделі жөндеу жұмыстар жасалуда. Білім күніне санаулы уақыт қалды. Ал мектептің жөндеу жұмысы әлі бітпеген.
Сен мектепте күндіз де, түнде де жүріп, жұмысшыларды асықтырып, арттарында жүресің. Әр сынып бөлмесін тексеріп, дәліздің әр бұрышын қарап шығуың керек. Себебі ертең балалар сабаққа келеді. Сен балаға "үлгере алмадық" дей алмайсың.
Мұнан басқа жағдайы төмен отбасыларды түнімен аралаған кездер болды. Әр оқушының шынайы өмірін өз көзіңмен көруің керек.
Иә, директорлардан талап еттім, тыныш отырғызбадым. Кейде қатал да болдым. Десек те, мұның барлығы бала үшін жасалды.
Осыларды ой елегінен өткізе отырып, қазір ойлаймын, біз осы қазіргі мектеп директоры дегеннің кім екенін білеміз бе?
Мектеп директоры тек мектепке ғана емес, оқу процесіне, ұжымға, ата аналарға, оқушыларға, баланың тамағына, кез келген қауіпсіздікке, коммуналды шығындарға, ремонттарға, түрлі тексерулерге жауапты адам.
Жазғы уақытта кешегі директор ПСД, смета, СМР, технадзор сынды мәселемен айналысатын кісіге айналады. Күндіз басқарушы, ал түнде кризис менеджерге айналады.
Шындыққа тіке қарайықшы, директордың жалақысы осындай атқарған шаруаларына лайықты бола бермейді. Осыдан кейін кімнің мектеп басқарғысы келсін? Иә, директордың орны бос тұрмайды, әйтеуір бірі келеді. Алайда мектеп басқаруға кімнің келетіні маңызды.
Білім сапасы артсын дейміз, бірақ директорды шатырдан бастап, еденге дейінгі жұмыстарға жегеміз. Директордың өз жұмысымен алаңсыз айналысуына мүмкіндік бермейміз. Осыдан кейін әрине, мектептер директорсыз қалары сөзсіз", деп жазады Қуаныш Қыдырәлин.