Журналист Гүлмира Әбіқай мемлекеттік қаржының талан-таражға түсуіне қатысты жаға ұстатарлық деректерді жариялады. Оның жазуынша, медицина саласында жүздеген мың ер адам жатыр мойны обырына тексерілген болып көрсетілсе, ауыл шаруашылығында жоқ мал мен қағаз жүзіндегі егінге субсидия алынған. Журналист мұны мемлекетті тонаудың шектен шыққан көрінісі деп бағалады, деп жазады Democrat.kz.
Журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі «ТОНАП ЖАТЫР, ЖЕП ЖАТЫР» атты жазбасында мемлекет қаржысын жымқыруға қатысты жария болған деректерге назар аударды.
Ол медицина, білім беру және ауыл шаруашылығы салаларында бюджет қаражатын заңсыз иеленудің түрлі тәсілдері анықталғанын айтып, өткір сын білдірген.
«Ебін тапқан екі асайтын заман болды. Пысықойлар тендер, субсидия деп мемлекеттің қаржысын оңды-солды шашуда. Бүгін біразының былығы ашылды», – деп жазды журналист.
Оның келтірген мәліметтерінің ішіндегі ең сорақысы — медициналық скринингке қатысты жағдай.
«Медициналық скрининг деп жүгірген пысықойлар 768 мың мың еркекті жатыр мойыны обырынан тексеруден өткізіп жіберіпті.
Тағы 619 азамат маммографиядан скрининг өткен) Маммография дегеніміз омырауда қатерлі ісік бар-жоғын ренттген арқылы анықтайтын әдіс», – деп жазған Гүлмира Әбіқай.
Журналистің мәліметінше, осындай жалған медициналық қызметтерге байланысты бюджеттен 1,8 миллиард теңге жұмсалған.
Ол жекеменшік мектептердегі жалған оқушыларды тіркеу мәселесін де көтерді. Жазбада іс жүзінде оқымайтын балаларды есепке алу арқылы мемлекеттік қаржы алған мектептер анықталғаны айтылған.
Ал ауыл шаруашылығындағы жағдай бұдан да күрделі.
Гүлмира Әбіқайдың жазуынша, Жамбыл облысында 136 мың гектар жерге егін егілгені туралы жалған мәлімет беріліп, субсидия алынған. Сондай-ақ 700 мың бас малдың тек құжат жүзінде болғаны көрсетілген.
Журналист бұл әрекеттерді мемлекеттік қолдауды жеке баюдың құралына айналдыру деп бағалайды.
«Қысқасы, ебін тапқанның бәрі мемлекетті жеп жатыр, тонап жатыр», – деп түйіндеген ол.
Гүлмира Әбіқай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған масылдық мәселесін де еске салған.
Оның пікірінше, мемлекеттік көмекті тұрақты табыс көзіне айналдырып алғандар шын мәнінде қолдауға мұқтаж азаматтардың мүмкіндігін шектеп отыр.
«Мемлекеттік қолдауды тұрақты табыс көзіне айналдырып, тек соны жағалайтындар халық жауынан несі кем? Олар қазынаны тонап, екі жеп биге шығып жатқанда бұл қаржыға нағыз мұқтаж ауылдағы шаруаның ісі шатқаяқтап қалуда», – деп жазды журналист.
Гүлмира Әбіқай жазбасын мемлекет қаржысын талан-таражға салудың мәнін ашатын мына сөздермен аяқтаған:
«Арсыз ұрлық деген осы - өзіңді өзің тонау.»