Танымал журналист Ораз Әлімбеков өз парақшасында мүфтиятқа қатысты, бас мүфтиге қатысты тағы бір былықтың бетін ашатын жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Бас мүфти Наурызбай Өтпенов қателігін бұ дүниеде мойындамай өте ме?
Бас мүфти Наурызбай Өтпенов Тараз өңіріне барған сапарында Байзақ ауданы Жетібай ауылының тұрғындары асарлатып салған үйді көп балалы әйелге «мүфтияттың атынан сыйлаймыз» деп сөйлеген еді ғой.
Бұған ауыл тұрғындары «үйді асарлатып біз салдық, атақты мүфтият иемденіп кетті, тіпті біздің игілікті ісімізді Бас мүфти ауызына да алмады» деп ренжіген.
Бас мүфтиге өкпелеген ренішті сөз әлеуметтік желіде жарияланды. Мен де ол видеоны ФБ парақшама қойғам. Сол сөз Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің өкпесін тесіп жібергендей әсер етсе керек, ауылдың екі-үш адамын «біз Бас мүфтиге ренжімедік, ол көп балалы әйелге «мүфтият үй сыйлайды» деп айтқан жоқ» дегендей ақтап-жақтап сөйлеткізіпті (видеоны қараңыз).
Әрине, мұны ұйымдастырған Бас мүфти Наурызбай Өтпеновке тәуелді ауыл имамы Ахмет Кенбаев қой.
Дегенмен, Бас мүфтиді ақтап-жақтағандар оның «артын» ешқашан аппақ қылып жуып-тазалай алмады. «Міне, саған дәлел» деп, үй сыйлау ресімінде түсірілген видеоның толық нұсқасын жариялауға дәті бармайды. Неге?
Шындығына келсек, үй сыйлау рәсімінде түсірілеген видеода Н.Өтпеновтің не сөз айтқаны түгел бар. Коментке қойылған анау суретке қарасақ, үй сыйлау ресімін кемі үш видео камерамен түсіргенін көреміз.
Әрине, ол видео мүфтият молдаларында бар. Егер Бас мүфти Н.Өтпенов ауыл тұрғындарының еңбегін еш қылып сөйлемеген болса, онда сол видеоның толық нұсқасын жариялай салмай ма?!.
Сонда Н.Өтпеновтің не айтқаны, нені айтпағаны белгілі болады ғой. Бірақ, мүфтият молдалары ондай қадамға бармай отыр. Бұдан «Бас мүфти Н.Өтпенов Тараз өңіріне барған сапарында шынымен де Жетібай ауылының тұрғындарының ренішін туғызды» деген қорытынды жасауға болады.
Бас мүфти Н.Өтпеновтің өңірге жасайтын сапары кезінде жергілікті халықтың ренішін туғызған алғашқы оқиға бұл емес екенін баса айта кеткен жөн. Естеріңізде болса, Н.Өтпенов Түркістан өңіріне барған сапары кезінде облыстың бас имамы Е.Төлепов қарамағындағы молдалардан, молдалар жамағаттан миллиондап ақша жиғаны қоғамда үлкен дауға ұласқан.
Каспиголдтан каспиголдқа аударылған чектер, мейрамхана-қонақүй төлемдерінің түбіртектері жарияланып, нақты дәлел ұсынылса да, мүфтият молдаларының осындай заңға да, шариғатқа да жат өрескел қылық жасағанын мойындамай қойған.
Ол кезде де Түркістан облысындағы бірнеше молда «Бас мүфти үшін ақша жинамадық, әлемжелідегі ақпарат өтірік» деп тайқып шыққан... Міне, енді Тараз өңірінің кейбір тұрғындары Бас мүфтидің Жетібай ауылында өрескел қылық істегенін терістеп әлек болып жатыр..."деп жазған журналист видео да жариялады.
