Ислам дінінде біздегідей жеті ата ұғымының жоғын Құранды оқып, білген әрбір кісі жақсы біледі. Ислам дінінде бір ананы ембеген балаларды өзара үйлендіре беру қалыпты жағдай. Осындай негізге сүйенген Ирак елінің бір әулеті 15 жасар Кәусарды немере ағасына әйел болмағаны үшін айуандықпен өлтірген деп жазады Democrat.kz.
Ирактың Бағдат шахарында өмір сүрген Кәусарды 13 жасынан кейін оқып жүрген мектебінен шығарып алған ағалары қарындастарын күйеуге тигенше, бөтен көзден сақтап, үйде ұстаған.
"Намыстары кірленіп қалмасын" деген ағалары титтей қызды үлкен жастағы бір алқашқа күйеуге береді. Қорлықтан көз ашпаған Кәусар бір жылдан кейін алқаш кісіден әрең қашып құтылып, үйіне келеді.
Ағаларының айғайына да көнбеген қыз өзіне қол салатынын мәлімдеп, ақырында сот арқылы әлгі сұмырайдан ажырасады.
Өкінішке қарай, арада көп уақыт өтпей, Кәусардың басына қара бұлт үйіріледі. Таяуда ғана түрмеден шыққан немере ағасы оны қойнына алғысы келетінін айтып, туыстарына хабар жолдайды.
Өз ағасы қатындыққа алмақ болғанын естіген Кәусар үйінен қашып, таныс көршісінің үйінде жасырынады. Өкінішке қарай, Кәусарды ол жерден туыстары тауып алып, он рет оқпен атқылап, кейін басын кесіп алып, денесін бөлшектеп тастаған.
Ең сорақысы, "намыстары" сақталған сұмырай ағалары Кәусар өлген күні дүркіретіп тойлап, әлеуметтік желіге видео жүктеген.
Әлеуметтік желіде тараған бұл оқиғаға қатысты "тақуа, имандымын" деген кісінің өзі жаға ұстап, Кәусардың ағаларына лағынетін жаудыруда.