2025 жылғы 1 шілдеде рэпер әрі продюсер Шон Комбсқа (көпшілікке P. Diddy, Puff Daddy деген аттарымен танымал) қатысты қылмыстық істі қараған алқабилер бірқатар айып бойынша бір шешімге келгендерін мәлімдеді.
Сот материалдары мен құқықтық сарапшыларға сілтеме жасай отырып, бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, алқабилер адам саудасы (күш қолдану, алдау немесе мәжбүрлеу арқылы), сондай-ақ жезөкшелікке тарту мақсатында тасымалдау бойынша екі эпизодқа қатысты бір шешімге келген. Бұл айыптаулар Шон Комбстың бұрынғы сүйіктісі – әнші Кэсси Вентура мен аты-жөні жарияланбаған тағы бір әйелдің ("Джейн" деген бүркеншік атпен танылған) куәліктеріне негізделген.
Алайда ең күрделі тармақ – қылмыстық топқа қатысу (racketeering conspiracy) бойынша алқабилер бір пікірге келе алмады. Олар судья Арун Субраманианға жолдаған жазбаларында алқабилер арасында бұл мәселе бойынша "көзқарастары қайшы келетін мүлдем ымырасыз адамдар" бар екенін айтқан.
Құқықтық сарапшы Элли Хониг бұл жағдайды былай деп түсіндірді:
"Адам саудасы және жезөкшелікке тарту айыптары бойынша кінәлі деп таппай тұрып, тек қылмыстық топқа қатысы бар деп тану қисынға сыймайды. Бұл – айыптау тарапы үшін оң белгі."
Комбстың ұстанымы
Сот залынан хабарлаған тілшілердің айтуынша, Шон Комбс алқабилердің ішінара шешімге келгені белгілі болғанда қобалжып отырған. Оның қорғаушылары ішінара үкіммен келіспейтіндерін білдіріп, судьядан алқабилерге талқылауды жалғастыруды сұрады.
Судья Субраманиан бұл талапты қанағаттандырып, алқабилерді келесі таңға дейін демалысқа жіберді. Ол олардан "ойларын ашық күйде" сақтауды өтінді.
Ішінара үкім дегеніміз не?
Ішінара үкім – алқабилер барлық айып бойынша емес, тек кейбір тармақтар бойынша бір келісімге келгенде пайда болатын жағдай. Егер істе бірнеше айып болса, алқабилер олардың әрқайсысын жеке қарайды.
P. Diddy ісінде:
-
Адам саудасы және жезөкшелікке тарту мақсатында тасымалдау бойынша үкім шығарылды (қазіргі таңда кінәлі не кінәсіз екені жарияланбаған);
-
Қылмыстық топқа қатысу айыбы бойынша алқабилер бір шешімге келе алмады;
-
Қорғаушы тарап ішінара үкіммен келіспегендіктен, сот алқабилерге талқылауды жалғастыруды тапсырды.
Істің қысқаша тарихы
2025 жылдың 5 мамырында АҚШ-та хип-хоп индустриясындағы ықпалды тұлға – Шон Комбсқа қарсы сот процесі басталған еді. Ол жыныстық сипаттағы адам саудасы, адам тасымалы және қылмыстық ұйыммен байланыс үшін тұтқындалған.
Айыптаулар 16 жылды қамтып, белгілі бір элиталық кештерде әйелдерді пайдалануға қатысты деректерге сүйенген. Комбс Нью-Йорктегі Metropolitan түрмесінде қамауда отыр. Егер ол кінәлі деп танылса, өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік, 2011 жылы Шон Комбс Алматыдағы №2 балалар үйіне келген болатын. Жергілікті журналистер сол кезде атақты қонақты қарсы алған тәрбиеленушіні тауып, сұхбат алған.
Келесі сот отырысы – 2025 жылғы 3 шілде күні таңертең өтеді.
Democrat.kz.