Палестиндік шейхтар Израиль билігіне хат жолдады: Шейхтар "Авраамдық келісімге" қосылғысы келеді

Палестиндік шейхтар Израиль билігіне хат жолдады: Шейхтар "Авраамдық келісімге" қосылғысы келеді

Таяу Шығыста үлкен процесстер болып жатыр. Кей сарапшылар биыл Газадағы соғыс аяқталады дейді. Осы сәтте палестиндік бірнеше шейх Израиль билігіне хат жазыпты.

Хевронның 5 шейхі Израиль билігіне хат жазды. Анығы Израильдің экономика министрі Нир Баркатқа ашық хат жолдаған.

Хеврон қаласы Иордан өзенінің батысында орналасқан. Қазіргі таңда қаланың 80 пайызын Палестина әкімшілігі басқарса, 20 пайызы Израиль бақылауында.

Шейхтер хатта Израильмен әріптестік орнатуға дайын екенін айтқан және Палестина әкімшілігін айыптаған. Олар Израильді тәуелсіз жеке мемлекет деп мойындауға дайын екенін жеткізген. Шейхтер Палестина әкімшілігінен бөлінгісі келетінін, жаңа әмірлік құрып (Хеврон эмираты-әмірлігі), «Авраамдық келісімдерге» қосылуды қалайтынын меңзеген. Хеврон әмірлігі «Израильді жеке ел деп мойындайды, ал Израиль Хеврон әмірлігін мойындайды» деп ұсыныс айтқан. Хатта Авраамдық келісімдерге қосылудың нақты кезеңін белгілеудің маңыздылығы да айтылыпты.

Хатты жазған шейхтер Ослодағы келісімнің нәтиже бермегенін айтыпты және жаңа келісім жасалуы тиіс дейді.

«Ослодағы келісім нәтиже бермеді. Палестина әкімшілігінде жемқорлық күшейді. Бейбіт өмір сүру формуласы бұзылды», - дейді хатта.

Шейхтер Израиль билігі о баста Хевронның 1000 адамын жұмысқа алса дейді. Тәжірибе сәтті болса, кейін тағы 5000 адамды жұмысқа жібере аламыз депті. Жалпы 50000-ға дейінгі жұмыс күшімен қамтамасыз ете алатынын айтқан. Палестина әкімшілігі мен Газа аймағының тұрғындары негізінен Израильде жұмыс істейтінін еді. 2023 жылдың, 7-қазанынан кейін Газа тұрғындары Израильге кіре алмайтын болды, ал Палестина әкімшілігінен келетін жұмысшылар саны еселеп азайды, тексеріс күшейді. Хеврондықтардың көбі жұмыссыз қалды. Соны қалпына келтіріп, Израильге қайта жұмысшы жібере бастайық деп отыр.

Хатты шейх Әл-Жабари жазған және өзге 4 шейх қол қойған. Жалпы хаттың мазмұнын 21 шейх қолдайтынын айтқан. Әл-Жабари былай дейді: «Палестина мемлекеті тіпті мың жыл өтсе де құрылмайды. 7-қазан оқиғасынан кейін Израиль оған жол бермейді. Біз өмір сүрудың басқа формуласын іздеуге тиіспіз», - депті.

Хаттағы идеяны Израиль билігіндегі бірқатар тұлғалар қолдайтынын айтуда. Соның бірі Израильдің экономика министрі Баркат. Ол хат мазмұнын Нетаньяхуға жеткізетінін айтты.

Аталған хаттан кейін Батыстық басылымдар «Палестина тағы бөлшектене ме?» деген тақырыпта мақалалар жазып жатыр.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, журналист.

 

Барлық жаңалықтар