Парламент депутаттары каникулға кетті. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының жұмысын қорытындылады. Білуімше депутаттар каникулға бірден кетпейді. Ел аралайды. Ауыл-аймаққа барады.
Қошанов қорытындысында қандай заңдар қабылданғанын, не атқарылғанын айтып жатты. 3 бірлескен отырыс, 39 пленарлық отырыс өтіп, 158 заң жобасы қаралып, 89 заң қабылданған екен. Соның бірнешеуі келесідей.
Онлайн жеңіл несиеге тыйым салынды, 24 сағаттық "ойлану мерзімі" енгізілді. Бұл дұрыс болды. Себебі көп адам тез шешім қабылдап, артынан зардап шегіп жүр. Жалпы несиеге қатысты заңдар, ережелер толықтырылып жатыр. Жастар жағы қазір займ дегенге кіріп кетті. Пайызы сұмдық. Рәсімдеуі тез. Түсінуімше қабылданған заң осындай олқылықтарды реттеуге арналған. Өзім займ дегенді алып көрмеппін, бірақ керексіз затқа займ алатындарды танимын. Бәрі жастар солардың.
Биыл Су кодексі мақұлданды. Күйіп тұрған мәселе ғой. Жыл сайын өзектілігі артып келе жатқан мәселе. Суы аз, өзенінің басым бөлігі бастауын басқа елден алатын мемлекетпіз.
Көршілеріміз анда-санда су бермей қоятын әдеті бар. Суды үнемдеу қажет. Енді суды бірнеше қайтара өңдеп тұтыну іске асады дейді. Жаңбыр суын жинап, тамшылату әдісін көбірек қолданатын боламыз дейді.
Дұрыс-ақ. Еуропаның кей едерінде бар тәжірибе ғой. Мысалы Аустрия мен Германияда бар.
Үш жылдық бюджет қаралды. Бюджеттің 40 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады. Мектеп, аурухана, стипендия, таза су, ауылды қолдау, жәрдемақы және басқа деген сияқты бағыттарға. Кеше бір депутаттың сөйлеп жатқанын Тик-Токтан көріп қалып едім. Нартай ғой деймін қателеспесем. Құлағы естімейтін азаматтарға арналған аппаратты бюджет есебінен береміз деп жатқан. Дұрыс екен.
Жалпы көптеген заң қабылданды. Бірсыпырасы осылар. Ауыздан авария болған депутаттар да болды, өзекті мәселені көтеріп, жақсы ұсыныстар, идеялар, мәлімдемелер жасаған депутаттар да болды. Енді бастысы қабылданған заңдардың орындалуы, оны халықтың сезінуі.
Депутат деген халық пен билік арасындағы көпір болуы тиіс қой. Сондықтан да құр сөйлейтін емес, шынайы өзгеріс, іс үшін жұмыс істейтін, заңдарды пісіріп, әзірлеуге барын салатын депуттар көп болсын.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, сарапшы - журналист.