Павлодар қалалық білім бөлімі рәміздерді өртегені мәлім болды

Павлодар қалалық білім бөлімі рәміздерді өртегені мәлім болды

Әлеуметтік желіде көк туды өртеп, елтаңбаны сындырған бейнежазба тарады. Желі қолданушылары мұны түсінбей, ұлттық рәміздерді қорлап жатқаны туралы түрлі пікірлер жазды. Көп өтпей бұл жағдай Павлодар қаласында болғаны анықталды, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты  Orda.kz. -ке сілтеме жасап. 

Павлодар қаласы білім бөлімі жағдайды растады. Павлодар қаласындағы М.Жұспа атындағы мектепте мектеп комиссиясы ұлттық стандарттарға және техникалық талаптарға сай келмейтін рәміздердің бірін өртеп, бірін бөлшектеп тастаған.

«Бұл жұмыс Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 8 маусымдағы №137 бұйрығына сәйкес жүргізілді және тиісті актімен ресімделді», деп хабарлады білім бөлімі. 

Бейнежазба тек қызметтік мақсатта түсірілген. Бейненің тарап кеткені үшін мектеп басшысына қатаң ескерту берілген. 

Ал желі қолданушылары мектеп комиссиясының бұл әрекетін дұрыс түсінбей, сынап тастады. Кейбірі жағдайды түсіндіріп, ескірген рәміздерді өртеп, қиып жоятынын жазған. Көбі әлеуметтік желіге жариялаудың қажеті жоқ екенін айтып, көзге оғаш көрінетінін мәлімдеді.

Барлық жаңалықтар