Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Майқайың кентінде естіген елдің жағасын ұстатардай сұмдық оқиға ашылды деп хабарлайды Democrat.kz.
Бір үйден екі мумия табылды. Тарихи тұлғалардың мумиясы емес, сол ауылдың тұрғындарының деп жазады бұл туралы журналист Оңғар Қабден.
Оқиғаны басынан бастайық. Мәйіттер табылған үйдің қызы 6 жыл бұрын қатерлі ісікпен (рак) ауырады. Бірақ, сол кезде аяғы ауыр болған. Дәрігерлер ауруына байланысты бала көтеруіне тыйым салады. Бірақ, 36 жастағы әйел баланы дүниеге әкеледі. Арада төрт жыл өткенде ауруы меңдеген әйел жан тапсырады. Артында қалған қызы 4 жаста еді. Қыздарының өлімі жайлы әке-шешесі ешкімге тіс жарып айтпайды.
Себебі, ауыратын әйелдің мемлекеттен алатын жәрдемақысы мен опекунствасын алпыстан асқан шешесі алатын еді.
Сөйтіп, әйелдің мәйіті үйде екі жыл жатқан. Ал, әкесі былтыр қыркүйекте қайтыс болғанда оның да өлімін шешесі ешкімге айтпайды.
Оның да зейнетақысын шешесі алатын. Бұл кезде 6-ға толған кішкентай қыз үйдегі екі мәйіттің ортасында ойыншықтарын алып, кіріп шығып ойнап жүре берген.
Көршілерінің айтуынша, әжесі қызды көшеге шығарып ойнатпаған, басқа балалармен араластырмаған.
Мектеп жасындағы баланы іздегендер үйіне келгенде әжесі үйге ешкімді кіргізбей қояды. Келгендер полиция шақырамыз деген соң барып үйге кіргізген. Үйге кіргендер екі мумияны көріп талып қала жаздаған. Білетіндер бұл отбасыны сектанттар еді дейді. Қай сектада екені бізге беймәлім.
Енді сұрақ? Облыс әкімінің әлеуметтік салаға, идеологияға жауапты орынбасары былтырғы Екібастұздағы Милананың оқиғасынан сабақ алмаған ба? Сектанттар тізімделмеген бе? Олардың жатқан тұрғанын біліп отыруға тиіс тиісті мекемелер екі мәйітті қалай білмеген? Сұрақ көп. Жауап жоқ.