Павлодардың жастары Ресейге қарай үдере көшіп жатыр, деп жазады Democrat.kz. Ertenmedia.kz.-ке сілтеме жасап.
Аймақ әкімі Асайын Байханов мәселенің күрделеніп кеткенін ашық мойындапты. Айтуынша, биыл облысқа 24,5 мың адам көшіп келгенімен, сыртқа кеткендердің саны 32 мыңға жеткен.
Нәтижесінде 8 мыңға жуық адам күшіне тапшылық туып, демографиялық ахуал дабыл қағар деңгейге жеткен.
«Басты себеп жастардың Ресейге жаппай кетуі. Көбі көрші елдің Омбы, Томскі, Жаңасібір, Кемерово секілді қаласына білім алуға аттанады. Соның шамамен 50 пайызы сонда тұрақтап, жұмысқа орналасып, отбасын құрып кетеді», – дейді Байханов.
Аймақ басшысы үрдіске этностық құрамның да әсері бар деп есептейді. Қазір өңірдегі қазақтардың үлесі 57 пайызға жеткен. Өзге этнос өкілдерінің арасында тарихи отанына қайта көшіп жатқандар аз емес екен. Қоныс аударуға келгенде орыс жастары ерекше белсенді дейді...
«Оған қоса, аймақта бала туу көрсеткіші де төмен. Бұл тек Павлодар емес, тұтас солтүстік өңірлердің ортақ проблемасына айналып отыр», – дейді әкім.
Облыс билігі жағдайды түзету үшін халық саны көп аймақтардан тұрғын тарту жұмыстарын қолға алған. Қазіргі уақытта өңірде 4,5 мың (!) жұмыс орны бос тұр.
Аудан әкімдіктерінен арнайы топтар құрылып, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облысын аралап, тұрғындарды Павлодарға шақырып жүр екен. Көшіп келгендерге бастапқыда баспана ұсынылып, әлеуметтік мәселелері шешіледі.
«Қазірге дейін осы бағдарлама аясында Павлодар облысына 5,5 мың азамат қоныс аударды. Бұдан бөлек, 1,5 мыңдай қандасымызды қабылдадық», – дейді Байханов.