Педагогтың табысын шектеу: "Мұғалім кедей болуға тиіс" деген заң бар ма?

Педагогтың табысын шектеу: "Мұғалім кедей болуға тиіс" деген заң бар ма?
Белсенді педагог Ұлжан Маймақова Түркістан облысында білім саласына қатысты болып жатқан келесі бір проблеманы көтеріп, өз талабын қойды деп жазады Democrat.kz. 
 
"Соңғы уақытта Сәрсен Құранбек пен Шымкент қалалық Білім басқармасы тарапынан педагогтардың жалақысын «300-400 мың теңгеден асырмау» және «24 сағаттан артық жұмыс істетпеу» туралы заңсыз талаптар жиілеп кетті.
 
Бұл — ұстаздар қауымының конституциялық құқығын аяққа таптау!
 
Заң не дейді? Шенеуніктер неден жалтарады?
 
Жалақының жоғарғы мөлшері шектелмейді! ҚР Еңбек кодексінің 103-бабында: «Жалақының ең жоғарғы мөлшері шектелмейді» — деп анық жазылған. Егер педагог өз біліктілігімен (шебер, зерттеуші), магистрлік дәрежесімен және заңды үстемеақыларымен 1 200 000 теңге алса, бұл — оның адал еңбегі! Оны «көп» деп кінәлау — кәсіби дискриминация.
 
«24 сағат» шектеуі қайдан шықты? 
 
Еңбек заңнамасында мұғалімдер үшін ең жоғарғы жүктеме — аптасына 40 сағатқа дейін мүмкіндік береді. Егер мұғалім осы норманы сақтап, бірақ санаты мен атағының арқасында жоғары табыс тапса, оған «24 сағаттан астың» деп шектеу қою — заңсыз бюрократия. ҚР ЕК 68-бабы мен 111-бабы қосымша жұмысқа рұқсат береді!
 
 Еңбек бостандығы (Конституция, 24-бап) Әрбір азаматтың еңбек ету бостандығына құқығы бар. Педагогтың заң аясында тапқан табысын қию — Еңбек кодексінің 4-бабындағы қағидаларды бұзу және 10-бап бойынша еңбек жағдайын әдейі нашарлату болып табылады.
 
Ұстаз кедей болуы тиіс деген заң жоқ! Жоғары жалақы — бұл мұғалім үшін ең үлкен СТИМУЛ. Сапалы білімді сапалы төленетін маман ғана бере алады. Шенеуніктердің «педагогтың қалтасын санауы» — білім саласының дамуына балта шабумен тең.
 
ТАЛАП ЕТЕМІЗ:
- Педагогтардың заңды табысына қол сұғуды тоқтатуды;
- Еңбек кодексінің нормаларын бұрмалауды доғаруды;
- Мұғалімді «кедейліктің символы» ретінде емес, беделді маман ретінде құрметтеуді!" Деп жазды Ұлжан Маймақова.
 
Барлық жаңалықтар