"Педофилдің жаназасы": ҚМБД білмегенін айтып, ақталды

"Педофилдің жаназасы": ҚМБД білмегенін  айтып, ақталды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қыздарын зорлағаны үшін істі болған адамға неліктен жаназа оқылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Democrat.kz.

Бұл туралы NewTimes.kz агенттігі жазды. Діни басқарма өкілдері марқұмның екі өгей қызын қорлағаны үшін 25 жылға сотталғанын ешкім білмегенін мәлімдеді. Сонымен қатар педофилдің мәйіті мешіт ішіне кіргізілмегені белгілі болды.

Марқұмның туыстары Атыраудағы «Иманғали» орталық мешітіне келіп, кезекші имамнан жаназа оқуды сұраған. Олар мәйітті Жылыой ауданына апарып жерлейтінін айтқан. Бірақ өлген адамның кім екені және оның істі болғаны туралы ешқандай ақпарат берілмеген.

«Жаназа мешіттің ішінде емес, ауласында оқылды. Одан кейін туыстары мәйітті өздері алып кетті. Мешіт қызметкерлері жаназа кезінде бар ақпаратқа ғана сүйенеді, әр адамның жеке деректерін толық тексеруге мүмкіндігі жоқ», – деп хабарлады мүфтият.

Діни басқарма имам жаназа оқыған кезде адамның өткен өміріне баға бермейтінін ескертті.

Айта кетейік, тергеу изоляторында өлтірілген 51 жастағы Дабыл Жәрдемұлы Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің алыс туысы болып шықты.

Куәгерлердің айтуынша, жерлеу рәсіміне жүздеген, тіпті мыңға жуық адам барған. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер де болған. Марқұмның отбасы қылмыстық істің мән-жайын жасырғандықтан, жаназаға келгендердің көбі оның қандай қылмыс жасағанын білмеген.

Дабыл Жәрдемұлы кәмелетке толмағандарды зорлау және азғындату баптары бойынша кінәлі деп танылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Жәбірленушілер оның екі өгей қызы болған.

Үкім заңды күшіне енбегендіктен, ол түрмеге жөнелтілмей, тергеу изоляторында отырған. Ресми мәліметке сай, ер адам изолятордағы жаппай төбелес кезінде өлтірілген.

Барлық жаңалықтар