«Перизаттың ісі» саяси сипат алды: Перизат не себепті Байбектің атын атады?

«Перизаттың ісі» саяси сипат алды: Перизат не себепті Байбектің атын атады?

«Біз біргеміз» қайырымдылық қорының 1,5 млрд теңгесін «жеп қойды» деп айыпталып сотқа тартылған Перизат Қайрат соңғы сөзінде «Нұр Отан» партиясының экс-жетекшісі Бауыржан Байбекті сотқа шақырып жауап алыңдар дегенді айтып, өзінің жемқорлығына соның да қатысы бардай қылатын күдік тастады. Мұнда қандай гәп бар? Соны тәпсірлейін.

Перизат «жеп қойды» деген 1,5 мрд теңге – Қазақстанның батысын топансу басқанда жұртқа көмек беру үшін және Израиль соққысына ұшыраған Газа секторындағы халыққа гумкөмек беру үшін жиналған ақшаның бір бөлігі.

Бұл екі оқиға да беріде болған. Ол кезде Б.Байбек Қазақстанда жоқ, шетелге кетіп қалған. Президент «Нұр Отанға» жетекшілік еткен Бауыржан Байбекті 2022 жылдың басында партиядан аластап жіберген, «Нұр Отан» «Аманат» деп аталып, оны содан бері Ерлан Қошанов басқарып келеді.

«Біз біргеміз» қорының құрылтайшылары қатарында Перизат Қайратпен бірге «Аманат» партиясының 5-6 мүшесі бар. Егер «Біз біргеміз» қорындағы жемқорлықты партиямен байланыстыруы қажет болса, онда Перизат Қайрат «Нұр Отанның» экс-жетекшісі Б.Байбекті емес, Мәжіліс спикері Е.Қошановты сотқа шақыртып түсініктеме алу мәселесін айтатын еді.

 Ал Перизат болса, «бас-көз жоқ», сот процесі соңына тақалғанда аяқасты Б.Байбекке күдік тудыратын мәлімдеме жасады. Неге?

«Жаңа Қазақстанның» екінші деңгейлі шенеуніктері Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбектен қатты қауіптенеді, оған былайғы жұрт Тоқаевтан кейін ел билігін ұстауға әлеуеті жетерлік саяси тұлға ретінде қарайды.

Сондықтан президент тағынанан дәмелілер Бауыржан Байбекті орайы келсін-келмесін әлдебір заңсыз істерге қыстыруға құмартып жүр. Мысалы, Алматыдағы заңсыз жекешеленіп кеткен жер телімдеріне анау жылы Б.Байбекті қатысты қылмақ болды, бірақ одан нәтиже шыққан жоқ.

«Байбекке қарсы қылмыстық іс әне қозғалады, міне қозғалады...» деген сөзді Ақорда пропагандашылары жиі айтады. Мұның бәрі Б.Байбекті елге келтірмеудің, алдағы президент сайлауына қатыстырмаудың айла-шарғысы.

Сондықтан осы жолы да Перизат Қайраттың тілімен Бауыржан Байбекті бір түйреп қалды. Бейшара қыз жазасын жеңілдету үшін билікпен қандай болмасын келісімге барады ғой. Әсіресе көптен бері абақтыда жатқан күдіктінің ерік-жігер жоқ, оның аузына қандай сөз салып берсе, тотықұсша соны қайталап айтады...

Эх, бір тырнағын ішіне бүккен қу дүние-ай

Ораз ӘЛІМБЕК, журналист.

Барлық жаңалықтар