Жаңа Конституцияда алғаш рет азаматтардың дербес деректерін қорғау құқығы бекітілді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды деп хабарлайды Democrat.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында цифрлық қауіпсіздік саласындағы конституциялық кепілдіктердің маңыздылығын атап өтіп, салалық ведомствоға ЖИ технологияларын пайдалануға қатаң бақылау орнату жөнінде міндеттер қойды.
«Жаңа Конституцияда алғаш рет азаматтардың дербес деректерін қорғау құқығы бекітілді. Бұл саланың одан әрі дамуына серпін беріп, мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын айқындайды. Қазір заңнамада жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезінде дербес деректерді қорғау қажеттілігі көзделген. Жасанды интеллект министрлігіне үшінші тараптар мен жүйелердің дербес деректерге рұқсатсыз кіруіне жол бермеу, сондай-ақ зияткерлік меншік нысандарына құқықтарды қорғау мақсатында тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр «Digital Qazaqstan» жаңа стратегиясын жедел іске қосу қажеттігіне назар аударды.
«Қорытындылай келе, “Digital Qazaqstan” стратегиясының жобасы елімізде түбегейлі цифрлық өзгерістерді қамтамасыз етіп, экономика салаларында жасанды интеллектіні енгізуге бағытталғанын атап өтемін. Сондықтан оның жедел келісіліп, әрі қарай сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету маңызды»,— деп атап өтті Премьер-министр.
Аталған мәселелер бойынша бақылау мен үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жүктелді.
Дереккөз: Үкімет.