Премьер-министр Президенттің тапсырмаларының орындалуын тексерді

Премьер-министр Президенттің тапсырмаларының орындалуын тексерді

Олжас Бектенов Президенттің медицинадағы озық технологияларды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді деп жазады Democrat.kz.  Премьер-министрдің ресми парақшасына сілтеме жасап.

Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық ғылыми онкология орталығы (ҰҒОО) мен Nazarbayev University Биомедициналық зерттеу орталығының қызметімен танысты.

Президенттің медицинада озық технологияларды қолдану және денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысына назар аударылды.

Олжас Бектенов Президент тапсырмасымен салынған Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусының жарақтандырылу жағдайын тексерді, онда науқастарға жоғары технологиялық ем түрлері ұсынылады.

ҰҒОО – Қазақстандағы радиациялық онкология бойынша көшбасшы орталық. Мұнда жыл сайын 12 мыңға жуық диагностикалық зерттеу мен жедел ота жасау, 4 мың сәулелік және протондық терапия курсы, сондай-ақ 330-ға дейін ағзалар мен сүйек кемігін трансплантациялау сынды ем-шаралар жүзеге асырылады.

Пациенттерге барлық онкологиялық көмек тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде ақысыз көрсетіледі.

Аталған мақсаттарға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 170 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Онкологиялық көмекке арналған бюджет көлемі соңғы 3 жылда 6 есеге ұлғайды, оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, заманауи жабдықтармен жарақтандыру шығындары да бар.

Медициналық инфрақұрылымды аралау кезінде жасанды интеллект технологияларының енгізілуіне де назар аударылды. Сәулелік және протондық терапияда жасанды интеллектіні қолдану сау тіндерге өте аз әсер ете отырып, жоғары дәлдікпен емдеуге мүмкіндік береді.

Ұлттық ғылыми онкология орталығында ЖИ технологияларына негізделген EDGE және ETHOS жүйелерін қоса алғанда, Varian желілік үдеткіштері бар 7 радиациялық онкология бункері жұмыс істейді.

Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне еліміздің барлық өңірлерінен келген онкопациенттерге озық емдеу әдістерінің барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ Қазақстанда ядролық медицинаны одан әрі дамыту үшін қажетті жағдай жасауды тапсырды.

 

Барлық жаңалықтар