Президент бірқатар америкалық компания басшыларымен кездесу өткізді

Президент бірқатар америкалық компания басшыларымен кездесу өткізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа барған іс сапарында бірнеше маңызды тұлғалармен кездесті деп жазады Democrat.kz.

Бірінші U.S. International Development Finance корпорациясының (DFC) атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады

Беделді халықаралық қаржы институты басшысымен кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды. 

Мемлекет басшысы корпорацияны Қазақстанның орнықты дамудағы маңызды серіктесі деп атап, экономиканың түрлі секторындағы ықпалдастықты тереңдетуге әзір екенін растады.

Бен Блэк Президент Дональд Трамп пен оның әкімшілігі Қазақстанмен тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беретінін айтты.

Осы орайда ол аймақтық және өңіраралық сауданы кеңейтуде стратегиялық маңызға ие тау-кен өндірісі, көлік-транзит инфрақұрылымы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндігі мол екеніне назар аударды. 

Кейін Мемлекет басшысы Boeing компаниясының атқарушы вице-президенті Джефф Шоккиді қабылдады

АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев авиация, қорғаныс және ғарыш техникаларын шығаратын Boeing трансұлттық корпорациясының басшылығымен кездесті. 

Президент отандық Air Astana, SСAT және Vietjet Qazaqstan компаниялары еліміздегі авиация саласын дамытуда ерекше маңызға ие ортақ жобаларды одан әрі ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Air Astana мен Boeing арасында ұшақ жеткізу бойынша келісімге қол қойылғанын құптады. 

Биыл жыл соңына дейін Құрама Штаттарға тікелей әуе қатынасын ашу мақсатында Boeing 787 Dreamliner ұшақтары елімізге жеткізіледі деп жоспарланып отыр. 

Бұдан бөлек, SCAT әуе компаниясы қосымша Boeing ұшақтарын сатып алмақ. Сондай-ақ америкалық корпорациямен серіктестік негізінде Шымкент әуежайында алғашқы техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. 

Джефф Шокки компанияның цифрландыру саласындағы жоспарымен бөлісіп, Қазақстанның көлік-транзит әлеуетіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, әуемен жүк тасымалдау бағытында нәтижелі ықпалдастық орнатуға мүмкіндік мол. 

Сонымен қатар кездесу барысында авиация саласына маман даярлау және еліміздегі жүк тасымалдаушы ұшақтар паркін дамыту перспективасы талқыланды.

Келесі кезекте Ashmore Group компаниясының бас директоры Марк Кумбсты қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ashmore Group халықаралық инвестициялық компаниясының басшысы Марк Кумбс өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. 

Президентке Ashmore Healthcare International компаниясы мен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС-інің бірлесіп, Қазақстанда халықаралық клиника салу жоспары жөнінде мәлімет берілді. Бұл бастамаға әлемдік деңгейдегі медицина операторы – Mount Sinai Health System компаниясын тарту көзделген. 

Мемлекет басшысы Үкіметтің аталған маңызды жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

Марк Кумбс Қазақстан экономикасының стратегиялық секторларында ынтымақтастық орнату үшін зор әлеует бар екеніне назар аударды. 

Сонымен қатар экономиканың басымдыққа ие және жоғары технологиялы салаларын дамытуға бағытталған Ашық инвестициялық серіктестік бағдарламасы аясындағы ықпалдастық перспективасы жайында пікірімен бөлісті.

Оған қоса Тоқаев Mars компаниясының бас атқарушы директоры Пол Вайраухты қабылдады 

Президент Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Mars компаниясы арасында жалпы сомасы 180 миллион долларға жуықтайтын инвестициялық келісімге қол қойылғанын құптады.

Мемлекет басшысының пікірінше, бұл уағдаластық маңызды стратегиялық серіктестіктің бастауы саналады және Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың деңгейі жоғары екенін көрсетеді.

Жоба аясында Mars компаниясы Алатау қаласында үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салады. Өндіріс орны агроөнеркәсіп шикізатын терең өңдеуге және қосылған құны жоғары тауар өндіруге септігін тигізеді. 

Пол Вайраух өзара тиімді инвестициялық келісімді жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол аталған бастама Mars компаниясының өндірістік әлеуетін кеңейтуге және Орталық Азия мен көршілес аймақтар нарығына өнім шығару көлемін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. 

 

 

Барлық жаңалықтар