Президент Гонконг Арнаулы әкімшілік ауданы Әкімшілігінің Басшысы Джон Лимен кездесу өткізді

Президент Гонконг Арнаулы әкімшілік ауданы Әкімшілігінің Басшысы Джон Лимен кездесу өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Қытай Халық Республикасы Гонконг Арнаулы әкімшілік ауданы Әкімшілігінің Басшысы Қазақстанға алғаш рет келіп отырғандықтан бұл сапардың маңызы айрықша екенін айтты деп жазады Democrat.kz.

– Бұл уақиға Қазақстан мен Гонконг, кеңінен алып қарағанда, мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестік байланыстыратын Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Елдеріміздің арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог орнаған, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді. Гонконгпен қарым-қатынасымыз туралы да дәл осылай айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы инвестиция, инновация, технология және халықаралық сауда салаларында әлеуеті зор Гонконг әлемде жетекші қаржы және іскерлік орталықтардың бірі ретінде ерекше рөл атқаратынын атап өтті. 

Президент бұл сапар өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға, іскерлік қарым-қатынасты кеңейтуге және инвестиция, қаржы, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика бағыттарында бірлескен перспективті жобаларды жүзеге асыруға жол ашатынына сенімді екенін жеткізді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға салмақты бизнес-делегациямен бірге келгені үшін мәртебелі мейманға ризашылығын білдірді. Бұл Гонконг іскерлік қауымдастығының елімізбен ынтымақтастықты арттыруға үлкен қызығушылық танытып отырғанын байқатады.

 

Барлық жаңалықтар