Президент: "Жаңа Конституцияның жобасы ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының жарқын келешегіне берік әрі мызғымас іргетасы болады"

Президент: "Жаңа Конституцияның жобасы ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының жарқын келешегіне берік әрі мызғымас іргетасы болады"

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасап, мәслихат депутаттарының форумында жаңа Конституцияға қатысты маңызды мәлімдеме жасады деп жазады Democrat.kz. 

«Қазіргі Қазақстан көптеген елден көш ілгері. Шартарапқа экономикалық дамуы орнықты, саяси ахуалы тұрақты, түрлі дін мен мәдениетке құрметпен қарайтын ел ретінде танылдық. 

Біз өркениетаралық және дінаралық диалог өрбітуді, халықаралық құқықты сақтап, бейбіт қатар өмір сүруді, ядролық қаруды таратпай, өзара сенім және қауіпсіздік шараларын нығайтуды жақтаймыз.

Қазақстан ұлттық мүддесін, егемендігін әрдайым қорғайды. Келешекте де солай болмақ.

Біз – жасампаз ұлтпыз. Қарым-қатынаста қиратпаймыз, бауырымызға тартамыз. Ешкімді жатырқамаймыз, бөлінбейміз, бірігіп, тату-тәтті тіршілік етеміз.

Сондықтан біздің төлқұжатымызға халықаралық сенім жоғары, орасан зор күшке ие құжат ретінде мойындалады.

Азаматтарымыз дүние жүзін емін-еркін шарлап, шетелдерде білім алады, кәсібін жүргізеді. Бұл еліміздің әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең, мол мүмкіндікке ие екеніне айқын дәлел.

Біз Әділетті Қазақстанның негізін қалап жатырмыз. Бұл елде кез келген адам әлеуметтік мәртебесіне, саяси, идеологиялық таңдауына, тіліне, дініне, этникалық шығу тегіне қарамастан, өз қарым-қабілетін толық пайдалана алады.

Осы тұрғыдан жаңа Халық Конституциясының жобасы ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының жарқын келешегіне берік әрі мызғымас іргетас болады деп айта аламын»,  деді Президент. 


Барлық жаңалықтар