Президент Қаңтар оқиғасының астарын ашты

Президент Қаңтар оқиғасының астарын ашты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  "Turkistan" газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғасының түпкі себептері мен салдарын ашық айттты деп жазады Democrat.kz.

“Төңкеріс” жасауға әбден машықтанған мамандар”

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарының негізгі кезеңі аяқталғанын айтып, бұл үдерістің азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен, ашық әрі бейтарап жүргізілгенін атап өтті.

"Бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі болды. Сол оқиғалар бойынша тергеу жүргізу кезінде құқық қорғау органдары азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Бірқатар қоғамдық комиссия құрылып, оған белгілі заңгерлер жетекшілік етті. Мұндай қадам жұмыстың бейтарап ұстаныммен жүргізілуіне, сол арқылы барлық оқиғаның ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік берді. Осы орайда, азаматтық жауапкершілік танытып, кәсіби біліктілігін көрсеткені үшін оларға ризашылығымды білдіргім келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Презиенттің сөзінше, 2022 жылдың наурыз айында Парламентте арнайы қоғамдық тыңдау өтіп, бұл оқиғаға және еліміздің конституциялық құрылымын бұзбақ болған қылмыскерлердің әрекетіне егжей-тегжейлі баға берілді.

"Иә, кейбір сот процестері, сондай-ақ, қаңтарда ұрланған көптеген қаруды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сол күндері қылмыскерлер үш мыңнан астам қару-жарақты иемденіп кеткен еді. Бірақ күштік құрылымдардың арқасында қару-жарақ жасырылған қоймалардың көбі табылды. Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек. Алматыдағы аласапыран туралы жиі айтылып жатады, мұны түсінуге де болады. Бірақ, зұлымның сиқырлы таяқшасымен жасалғандай адам сенгісіз жағдайлар болғанын да естен шығармау керек", – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар ол бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алғанын айтады.

"Оның арты қаскөйлердің көптеген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды. "Төңкеріс" жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі. Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаевтың сөзінше, мұндай жағдай, әсіресе, бүлікшілердің басты нысанасы болған Алматыда анық байқалған. Әскери қызметкерлер мен қала тұрғындары қатты қорлыққа ұшырады дейді ол.

"Әкімшілік ғимараттар, сауда орталықтары, дүкендер мен банктер қирап, өртке оранып, тоналып жатты. Мұндай жүгенсіздікке қарсы төтенше шаралар қабылдау қажет болды. Қазір, арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адамдар мемлекетіміздің елді құрдымға жібере жаздаған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр", – деп жауап берді президент.

“Заңсыз иемденілген активтерді елге қайтару жұмысы тоқтамайды”

Президент Қаңтар оқиғасынан кейін заңсыз иемденілген активтерді елге қайтару жұмысы тоқтамайтынын айтып, бұл бағытта 1,3 триллион теңгеден астам қаражат өндірілгенін және оның әлеуметтік нысандар құрылысына жұмсалып жатқанын мәлімдеді.

"Әрине, жоқ. Бас прокуратураның мәліметтеріне тоқталып өтейін. Заңсыз активтерді елге қайтару жөніндегі комитет үлкен жұмыс атқарып, олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндіріп алды. Соның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түсті. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр. Оның қатарында 227 сумен қамтамасыз ету, 183 денсаулық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инфрақұрылым нысанының құрылысы бар. Сондай-ақ, Павлодар, Арқалық, Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылып жатыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаевтың пікірінше, жұмыс жалғасып, активтерді сараптап, оның заңдылығын анықтау құзырлы органдардың күнделікті қызметінің бір бағытына айналды. 

"Ең бастысы, барлық жұмыс ашық әрі әділ болуға тиіс. Енді бұл шаруаны бір орталықтан үйлестіріп жүргізудің қажеті жоқ. Жұмыс бір қалыпқа түсті. Сондықтан, алға қадам басып, инвесторлардың құқығын қорғауға баса мән беретін кез келді. Активтері күмән тудырып, күдікке ілінген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретінде салуға ниет білдірді. Олармен жалпы сомасы бес триллион теңгеден асатын келісімдер жасалды. Бұл қаражаттың есебінен инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде туристік, көлік-логистикалық орталықтар, тау-кен, металлургия, энергетика секторларына қатысты жобалар бар. Әлбетте, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларына, сондай-ақ, мұқтаж жандарды оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу бағдарламаларын қаржыландыруға айрықша назар аударылады", – деді Тоқаев.

Президент   бас прокуратура мен үкіметтің алдында барлық жоспарларды және уағдаластықтарды орындау міндеті тұрғанын атап өтті. Оның ойынша, бұл аса маңызды жұмыс.

"Заңсыз активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру – конъюктура не болмаса жұртқа жағу үшін жасалған саяси науқан емес, бұл – мемлекеттің мызғымас ұстанымы. Әңгіме индульгенция немесе ымыраласып, астыртын келісім жасау туралы болып отырған жоқ, олай болуы мүлдем мүмкін емес. Қазақстан әлем қауымдастығына халықаралық құқықты қатаң сақтайтын ел екенін көрсетіп келеді. Бірақ, кейбір "кәсіпкерлер" қоғамдық пікірді өз мүддесіне қарай бұрмалауға тырысады, шетелде жатып алып, өздерін саяси режимнің құрбаны етіп көрсетеді, "инвестор" ретіндегі құқығы тапталып жатқанын айтады. Біз заң аясында адал диалог жүргізуге дайынбыз. Өйткені, ұстанымдарымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Қазақстан алдағы уақытта да заңдары инвесторларға қолайлы мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайта береді", – деді президент.

Барлық жаңалықтар