"Президенттің бюджет шығынына қатысты сыны әр әкімді ойландыруға тиіс"дейді журналист

"Президенттің бюджет шығынына қатысты сыны әр әкімді ойландыруға тиіс"дейді журналист
Танымал журналист  Оңғар Қабден Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Тоқаевтың бюджет ақшасын үнемдеуге қатысты айтқан сөзіне пікір білдірді деп жазады Democrat.kz.
 
"Негізі біздің елде ақша көп. Бірақ соның жаратылуы дұрыс емес. Себебі бюджетті игеру саясаты дұрыс жүзеге аспайды. Өткенде министрлікте істейтін бір танысым жыл соңында 12 миллион теңге сыйақы алыпты.
 
Жыл соңында қаржы игерілмей қалған. Соны игеру үшін премия қылып таратып берген ғой. «Байдың асын байқұс қызғаныпты» демеңіз, бірақ бұл жерде мемлекеттің қаржысын талан-таражға салу деп түсінемін өзім.
 
Сол секілді елімізде бітпейтін форум, жиындар көп. Олардың бәріне қыруар қаражат жұмсалады. Ақша қайдан келеді? Әрине, мемлекеттің бөліп берген бюджеті. Мысалы, сондай жиынның бәрі қажет пе?
 
Коронавирус кезінде талай форумды онлайн өткізуге болатынына көз жеткіздік қой. Ендеше, мемлекеттің ақшасын неліктен оңды-солды шаша береміз?
 
Дәл осы мәселе үкіметтің кеңейтілген отырысында да көтерілді. Тоқаев мемлекеттің тиімсіз шығындарын қысқарту үшін қолданыстағы бюджет бағдарламаларын бастан-аяқ қайта қарау қажет деп отыр. Бұл істі ұзаққа созбауды, Қаржы және Экономика министрліктеріне табандылық танытуды тапсырды.
 
Тоқаев үкімет пен әкімдер бюджеттің игерілмей қалуынан қауіптеніп, түрлі жобаға қаржы бөлуін тоқтату керек деп отыр. Президенттің айтуынша, ендігі жерде мұндай әрекет мемлекет мүддесіне қасақана қарсылық деп қарастырылады.
 
Президенттің сынымен келісемін. Бюджеттің қаражаты елге нақты пайда әкелетін, экономиканың дамуына септігін тигізетін жобаларға берілуге тиіс. Қаптаған форумдар мен жиындарға, түсініксіз жобаларға миллиардтаған теңге бөлуді доғарған жөн"дейді Оңғар Қабден. 
Барлық жаңалықтар