Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы қылмыстың қалай жасалғаны туралы мәліметтерді жариялады деп жазады Democrat.kz.
Прокурор Мадияр Әбілқасымовтың айтуынша, айыпталушы Шерхан Аймахан 10 қаңтар күні сағат 19:26-дан 11 қаңтардағы 18:41-ге дейін Нұрайға шамамен 70 рет телефон соққан.
Келесі күні кешкі сағат 18:41 шамасында ол Нұрай тұратын үйге келген. Қызды саябаққа серуендеуге шақырғанымен, Нұрай оның ұсынысынан бас тартқан.
Айыптау тарапының нұсқасына сәйкес, осыдан кейін Шерхан Аймахан алдын ала өзімен бірге алып келген пышақты қалтасынан шығарып, қызға бес-алты рет соққы жасаған.
Нұрайдың жан даусын естіген куәгерлер оқиға орнына қарай жүгірген. Мұны көрген күдікті шамамен бес-алты метр жерге қашып кеткен.
Алайда артынша қайта оралған.
Прокурордың сөзіне қарағанда, ол қылмыстық әрекетін ақырына дейін жеткізу мақсатында Нұрайға тағы да пышақ жұмсаған. Куәгерлердің айтуынша, екінші рет келгенде қызға шамамен 30 рет соққы жасаған.
Көп мөлшерде қан жоғалтқан Нұрай Серікбай оқиға орнында көз жұмған. Осыдан кейін айыпталушы қылмыс орнынан кетіп қалған.
Бұл деректер әзірге мемлекеттік айыптау тарапының сотта жариялаған нұсқасы екенін ескерген жөн. Айыпталушының кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана түпкілікті анықталады.
Марқұмның туыстары сотты онлайн көрсетуді сұрады
Сот отырысы кезінде Нұрай Серікбайдың туыстары процесті онлайн режимде таратуды сұраған.
Олардың адвокаты бұл қылмыстық істің қоғамда үлкен резонанс туғызып, мыңдаған қазақстандықтың назарын аударғанын айтты.
Қорғаушының сөзінше, іс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында тұр. Сондай-ақ осы қайғылы оқиғадан кейін Қазақстанда сталкинг пен некеге мәжбүрлеуге қатысты заңнамалық өзгерістер қабылданғанын атап өткен.
Адвокат бұл сот ісі қыз тәрбиелеп отырған отбасылардың құқықтық сауатын арттыруға ықпал етеді деген үмітін білдірді.
Алайда Шерхан Аймахан мен оның адвокаты сот процесін онлайн көрсетуге үзілді-кесілді қарсы болған.
Сол себепті сот туыстардың өтінішін қанағаттандырмады.
Сонымен қатар сот процесінің ашық өтетінін, журналистердің отырысқа қатысуына және істі жариялап отыруына кедергі жасалмайтынын мәлімдеген.
Айыпталушы жүзін жариялауға қарсы
Сот отырысында айыпталушы мен оның қорғаушысы Шерхан Аймаханның бет-бейнесін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға да қарсылық білдірген.
Осы тұста қоғамда заңды сауал туындайды.
Іс ашық қаралып отырса, журналистер сот залына еркін қатыса алса, қоғамды дүр сілкіндірген қылмыс бойынша айыпталушының бейнесін жариялауға не себепті қарсылық білдірілді?
Әрине, сот үкімі шыққанға дейін адамды кінәлі деп жариялауға болмайды. Бұл — кінәсіздік презумпциясының талабы.
Бірақ ашық сот пен қоғамның ақпарат алу құқығы да жай сөз болып қалмауға тиіс.
Нұрайға ондаған рет телефон шалған адам неліктен тоқтатылмады?
Қыздың бас тартуы неге оның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмады?
Жақын адамның артынан қалмай қою, қайта-қайта қоңырау шалу, бақылау мен қысым көрсету қашаннан бастап қауіпті белгі ретінде қабылдануға тиіс?
Нұрайдың өлімі — бір отбасының ғана қайғысы емес. Бұл қыздың «жоқ» деген жауабын қабылдай алмайтын, әйелдің еркін таңдауын меншіктену сезімінен төмен қоятын қауіпті түсініктің салдары болуы мүмкін.
Енді сот тек бір адамның кінәсін анықтап қана қоймайды.