Алматыдағы студенттер жатақханасы мен хостелдеріндегі жағдай тағы да қоғам талқысына түсті. Журналистер қаладағы бірнеше студенттер тұратын нысанды аралап, ондағы тұрмыс сапасын тексерген деп жазады Democrat.kz.
Тексеру барысында City Park хостелі, АУЭС пен ҚазҰУ жатақханалары назарға алынған. Кейбір нысандарда студенттердің ылғал басқан, қабырғасын көк басқан бөлмелерде тұрып жатқаны анықталған. Бұдан бөлек, бөлмелерде тарақан бар екені, душ бөлмелерінің ескі, ал санитарлық тораптардың тар әрі қолайсыз екені айтылды.
Студенттер мұндай жағдайда тұруға мәжбүр. Себебі Алматыда жатақхана тапшылығы әлі де өткір мәселе болып тұр.
Бір қызығы, мұндай орындардағы тұру ақысы арзан емес. Ай сайынғы төлем 20 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін жетеді. Алайда төленетін ақша мен ұсынылатын жағдай барлық жерде бірдей сәйкес келе бермейді.
Қаладағы студенттерге шамамен 15 мың төсек-орын қажет болса, қазіргі таңда қолжетімді орын саны небәрі 6 мыңға жуық екені айтылып отыр. Яғни сұраныс ұсыныстан бірнеше есе көп.
Билік пен жоғары оқу орындары бұл мәселені жаңа жатақханалар салу арқылы шешуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта жалпы құны шамамен 40 миллиард теңге болатын бес жаңа жатақхана салу көзделген.
Дегенмен студенттер үшін басты мәселе әзірге сол күйі қалып отыр: оқу іздеп келген жастар қымбат қалада лайықты баспана таба алмай, кейде адам тұруға қолайсыз жағдайда өмір сүруге мәжбүр.