"Қайраттың" ойынын көрсете алмай, әлемге масқара болдық

"Қайраттың" ойынын көрсете алмай, әлемге масқара болдық
 
Танымал журналист Ораз Әлімбеков "Қайрат" футбол командасының ойынын отандық телеарналардың трансляция жасай алмау себебі туралы дерекпен бөлісті деп жазады Democrat.kz.
 
«Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының» (UEFA – УЕФА) маңында жүрген құпия дереккөздің хабарлауынша, о бастағы жоспар бойынша «Қайраттың» чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алған Алматыдағы ойынын «Қазақстан» ТРК-ның телеарнаға арналған жылжымалы стансасы (ТАЖС) түсіру керек болатын. 
 
Бірақ, әрбір видеоның сапалы болуын қатты қадағалайтын UEFA-ның техникалық сарапшылары «Қазақстан» телеарнасының мұндай жауапты матчты түсіруге мүмкіндігі жоқ, «техникасы әбден ескірген» деп жарамсыз қылып тастаған.
 
«Қазспорт», «Qazaqstan» пайдаланатын ТАЖС 2006 жылы сатып алынған. Бұл техника баяғы HD деңгейінде жұмыс істейді. Ал бұл жаңа буын трансляция талаптарына (4K UHD, HDR, Dolby 5.1 Audio, super slowmotion) сәйкес келмейді.
 
Сондықтан «Қазақстанның» әбден ескірген ТАЖС-ы UEFA және FIFA стандарттарына сай болмай керексіз боп қалды. Бұл білдей бір мемлекеттің атауын иемденген, жыл сайын бюджеттен ондаған млрд теңге (соңы жылдары бюджеті 50 млртан асып кетті) алатын телеарна үшін ұят, еліміз үшін ұят.
 
Талай жыл «Қазақстан» ТРК АҚ-ның төрайымы болған Ләззат Танысбай «Евразия» телеарнасына директорлық қызметке ауысқанда оны жағымпаздар «мықты медиа менеджер» деп мақтағанын білеміз. Сол мақтау сөздің арасында Л.Танысбай ұлттық арнаны «заман талабына сай техникалық жағынан да дамытты» деген «дәлел» айтылып еді.
 
Ал мынау жағдай «Мақтаған қыз тойда осырады» деген қыжыртпа сөзді еске салып тұр. Рас, «Қайрат» командасы чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды, команда бюджетіне УЕФА енді 11 млрд теңге қосады.
 
Ал осы дүбірлі футбол додасын түсіруге рұқсат ала алмаған «Қазақстан» телеарнасы бір сәтте ондаған млн теңге пайдадан қағылды.
 
Сонда Ләззат Танысбайды қалайша «мықты медиа менеджер» дейміз?! Ақшаның орыны толады ғой... Ал «Қазақстан» ұлттық телеарнасының нұқсан келген кәсіби беделін кәйтіп қалпына келтіреміз?!.
 
Ләззат Танысбай сияқты «мықты» менеджерлердің кесірінен әлемге әбден масқара болдық қой, түге..." Деп жазды Ораз Әлімбеков. 
Барлық жаңалықтар